Сыр өңірінде алғаш рет қобызшылар бақ сынады
"Қорқыт-Қобыз" республикалық қыл қобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар байқауы Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұңғыш рет өткізілді. Астана, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Қызылорда облыстарынан барлығы 17 қобызшы бақ сынады.
Алғы сөз облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовке берілді.
– Қазақ халқының өнер көшін қасиетті жәдігер дейтін болсақ, соның ішінде Сыр елінің өзіндік орны бар. Сыр бойында саф алтындай сақталған бұл өнер тарихымызды, бабалар тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Қорқыт мұрасы ел егемендікке қол жеткізгеннен кейін ұлттың рухани қазынасы, ұлы мұрасы дәріптеле бастады. 1997 жылы Қызылорда қаласында алғаш рет Қорқыт тақырыбына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтсе, 1999 жыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған жыл болып жарияланды. Сыр бойында Қорқыт атаның еңселі ескерткіші тұрғызылды. 2005 жылдан бастап өңірімізде түркі халықтарының «Қорқыт және ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық этнографиялық фестивалі өткізілуде. Бұл шаралар Қорқыт ата мұрасын насихаттаудың алғышарты болып қалыптасты. Бүгінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізбесіне енгізу бағытында жұмыстар жүріп жатыр, – деді Руслан Рүстемов.
Байқау барысында өнерпаздар Қорқыт күйлерін шертсе, қобызбен жыр айтушылар Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, ортағасырлық дәуірдегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындады. Нәтижесінде астаналық Шолпан Шарапатова бас жүлдеге ие болды. Ал І орынды алматылық Аятолла Тұрғанов пен қызылордалық Айнуза Бегімсалова елшіледі, оралдық Мөлдір Жалмұханбетова мен алматылық Әсел Қыдырмұрат ІІ орын алды. Шымкенттік Анарбек Мырзабай мен қызылордалық Айдана Рүстембек үздік үштікті түйіндеді. Қобызбен жыр айтушылар арасындағы сында қызылордалық Марат Сүгірбай, алматылық Қазбек Әдікей, қостанайлық Қыдырбек Қиысхан, қарағандылық Әлібек Бимендин жүлделі болды.
– Сонау Қорқыт атаның қобыз үнінен бастау алған Қорқыт ата мұралары қобызшылар арқылы бүгінге жетті. Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз – дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа аманат ету – бүгінгі біздің басты міндетіміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Әлқуат Қазақбаев.
Мөлдір САБЫРЖАН