ПРАЙМЕРИЗ – БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде тұңғыш рет ішкі партиялық іріктеу, яғни праймериз өткізілді. Тың жоба Қызылорда облысы бойынша Сырдария ауданында да өз деңгейінде ұйымдастырылды. Аталған жобаның қатысушысы ретінде праймериз ашық, жария түрде өтті деп толық айта аламын.Биылғы жылдың 17 тамызында басталған, бірнеше кезеңнен тұрған партияішілік іріктеу жетекші партия тарихындағы ауқымды жоба болғаны анық. Праймериз – қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ынталы, белсенді әрі тың идеялары көп азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан өз бағымды сынап, партияішілік іріктеуге қатыстым.
«Nur Otan» партиясының белсендісі ретінде «партиялық тізімдердің сапалық құрамында 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болуы шарт» деген ұстанымды қолдаймын. Бұл «Жастар жылы» мен «Еріктілер жылында» ел дамуына атсалысып, жанашыр азамат, білікті маман ретінде танылған жалынды жастарға нақты қолдау деп білемін. Осы ретте «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген сөзді басшылыққа алар болсақ, жетекші партия жастардың білімін, жастық жалынын, тың, жаңа идеяларға бай көзқарасын мемлекет дамуына бағыттаса, ашық азаматтық қоғамның қалыптасуына да негіз болады деп есептеймін.
Мен болашақта жүзеге асырсам деген бағдарламама өзім туып-өскен Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын кірістірдім. Оның ішінде «Nur Otan» Партиясы тарапынан қабылданған бағдарламалардың сапалы жүзеге асуына атсалысу арқылы аудан тұрғындарының талап-тілектері мен ұсыныстарын жергілікті атқарушы билікке жеткізіп, мәселелерінің шешілуіне ықпал етуді жоспарлап отырмын. Мұнан бөлек ашықтық пен қолжетімділік қағидатын ұстану негізінде шалғай ауылдардағы кәсіпкерлікке ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді үйлестіру қажет деп санаймын. Сондай-ақ аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмай, тұрақты түрде әлеуметтік көмек алуын бақылауда ұстаудың маңызы зор. Осындай нақты мақсат-міндеттер бойынша білімімді, тәжірибемді ауданымның дамуына жұмсау азамат ретіндегі парызым деп білемін.Праймериздің дауыс беру кезеңінің қорытындысы бойынша «Nur Otan» Партиясының Сырдария ауданндағы 2032 мүшесі, яғни дауыс берушілердің 70%-ы маған сенім артыпты. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік деп білемін. Сенім артып, дауыс берген партияластарымның сенімі мен үмітін ақтау жолында еңбек ететін боламын. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған партияішілік іректеуге белсене қатысқан барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Біз біргеміз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы»
газетінің бас редакторы,
«Jas Otan» ЖҚ Сырдария аудандық
бөлімшесінің басшысы