Кәсіпке баулу басты шарт
Жаңақорған ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ қолдауымен Қызылорда облысы «Жастар одақтары» ҚБ ұйымдастыруымен 16-Қазан күні Жаңақорған ауданында орналасқан кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында жұмыссыз және NEET санатындағы жастарға экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсияның басы Қыркеңсе ауылдық округінде орналасқан жас кәсіпкер Серік Мырзабаев төрағалық ететін «Бекарыс-С» шаруа қожалығынан бастау алды. Шаруа қожалығында жастарға мал және егін шаруашылығына қатысты жасалып жатқан жұмыстар таныстырылып, пайдаланудағы жаңа станоктардың жұмыс жасауы кеңінен түсіндірілді.
Келесі маршрут Шалхияның тау беткейінде орналасқан «Мелиоратор» ЖШС - де жалғасты. Аталған өндіріс орында қызмет жасайтын Қабыл ағамыз гид қызметін атқарып, жастарға шығатын дайын өнім түрлерінің жасалу механизмімен таныстырып өтті. Труба, құрылысқа қажетті брусчатка, тастың түрлі формадағы өнімдерін қалай өндіретіндігі түсіндірілді. Дамыған технологияның көрінісіне таң қалған жастар көкейіндегі түрлі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Аудан жастарының келесі кездесуі кәсіпкер Қадыржанмен өтті. Кездесудің барысы жаңадан ашылған QFC burger дәмханасында, үлкен дастархан үстінде өрбіді. Қадыржан туралы кішігірім ақпарат айтылып өтті.
Қыдырбаев Қадыржан 1994 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келген. Жаңақорған кентіндегі №169 мектептің түлегі. 2010-2013 жж Алматы қаласында Нархоз колледжін бітіріп, 2013 жылы Алматы қаласында «Каспий банк» менеджерінен бастаған. Әрқашан үздік болуға деген ұмтылыстың арқасында 2014-2017 жылдары «Каспий банк» сату бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
2018 жылы Жаңақорған ауданынан тәтті балмұздақ орталығын ашқан. 2019 жылы Жаңақорған кенті орталығынан QFC фаст фуд мейрамханасын ашты. Жақында Жаңақорған кенті орталығында QFC burger орталығын ашып, қызметі жанданып келеді. Менюдегі дәмді бургерлер гурман-эксперттердің өзінің де тілін үйіретініне сенімдімін.
Бүгінгі күні барлық кәсіптері жұмыс жасап, 10 жасты жұмыспен қамтып, халыққа жоғары сервистік қызмет көрсетуде. Қайырымдылық шараларында үнемі белсенді болып, көмек қолын созудан шаршаған емес.