Қызылордалық тергеушілер семинарға қатысты
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Әділет басқармасы, сот, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Адвокаттар алқасының мүшелері және Қызылорда облысының қоғамдық бірлестік өкілдерімен бірге «Халықты білікті заң көмегін қамтамасыз етудегі мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында облыстық Әділет департаментінде өткізілген семинарға қатысты.
Семинарда Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі полиция полковнигі Маншарипов Айдарбек Жақсыбекұлы «Адамдарды заңсыз әкету, әкелу және адам саудасына қарсы күрес мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Полиция қызметкерлерімен адам саудасына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуда, оларды әшкерелеуде және тергеуде атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып, осы бағытта жүргізілген іс-шаралардың барысында түындаған проблемалық мәселелерді ортаға салды.
Онда, ағымдағы жылдың 9 айында адам саудасына қатысты 8 қылмыстық іс болғанын, бұрнағы жылдармен салыстырғанда қылмыстық құқық бұзушылықтардың төмендегенін айтты. Жыл басынан полиция қызметкерлерімен «Стоп-трафик» жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп, адамдарды еңбекке қанау мақсатында заңсыз бостандығынан айыру деректерін анықтау, олардың жолын кесу мақсатында облыс көлемінде құрылыс объектілері, шаруа және жеке қожалықтар тексерумен қамтылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, семинарға қатысушалармен өткізілген пікір-таласқа қатысып, өз ойын ортаға салып, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі