Жүк тасымалы ережесін бұзғандар 130 млн теңге айыппұл төледі
Қазақстанның жүк тасымалы ережелерін бұзғандар ағымдағы жылдың 11 айында 130 млн теңге көлемінде айыппұл төледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.
Отырыс барысында министр «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған болатын. «Келісімнің 7-бабына сәйкес жүктерді тасымалдауға рұқсат беру 3 түрде жүзеге асырылады. Бұл екі жақты транзиттік, сондай-ақ үшінші мемлекеттерден тасымалдау. Осыған байланысты менің сұрағым бар. Осы заттың бір түрімен басқа тасымалдар жүзеге асырылып кетпей ме? Бұл саланы қалай бақылаймыз?», - деп сұрады осы ретте Мәжіліс депутаты Амангелді Дәуренбаев министрден. Өз кезегінде Жеңіс Қасымбек бұл мәселеде Әзербайжанмен және басқа да шекаралас мемлекеттермен бір қағидат бойынша жұмыс істейтіндіктерін атап өтті. «Бізде облыстарда арнайы көлік инспекциялары жұмыс істейді. Осы мекемелер аталған мәселені бақылауда ұстайды. Иә, сіз айтқан жағдайлар болады. Шекаралас мемлекеттерден тасымалдаушылар ел аумағына кіріп, тасымал жасайды. Өткен 11 айдың ішінде 1 500 жүкті тасымалдау барысында заң бұзушылықтар болған. Заңды бұзған тасымалдаушылар 120-130 млн айыппұлды мемлекетке төледі. Бұл мәселе бойынша көзқарасымыз ерекше, арнайы бақылау жасап жатырмыз. Соңғы кездері осындай заң бұзушылықтар азаюда», - деді министр.