» » «Жұлдыздар» жанған оқулық

«Жұлдыздар» жанған оқулық

 Адам баласы хат танып, көзі ашылғалы бері тәрбие мен білімді жанына серік қылып келеді. Білімнің алғышарты бұл- кітап. Кітап –тілсіз мұғалім. Осы керемет арқылы қазақтың қарадомалақ балалары білім алуда, ұлтын тануда. Дей тұрғанмен, бүгінде оқулықтар арқылы кімдерді танып,жүрміз деген сұрақ түседі?
Осыдан бірнеше күн бұрын зияткерлік мектепке түсуші талапкерлерге арналған оқулыққа МС Сайлаубектің өмірбаяны енгені туралы жазба желіде дабыл қаққан болатын. Ия, араққа сылқия тойып алып, түсініксіз тілде өлең (өлең деуге қимайсың) айтатын, сізге таныс МС Сайлаубек. Жарық көргеніне көп уақыт болмаса да, жинаққа енгізілген бұл «білім» дүйім жұрттың бас ауруына айналды.
Ел-жұрт бұл туралы желідегі Киікбай Жақыпұлының фейсбук парақшасындағы «Масқара» деп басталатын жазбасынан ақпараттанған. Жазба авторы: «...Сонымен, еліміздегі ең таңдаулы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсетіндер «Қазақ тілі» оқу құралының 75 бетіндегі 7 мәтіндегі МС Сайлаубектің егжей-тегжейлі жазылған өмірін жатқа білу керек. Оған қоса, «МС Сайлаубектің жұлдыз болуына не әсер етті?» деген 4 сұраққа жауап беруі тиіс. Бұның бәріне жауап беріп, әйгілі мектепке түсіп кеткен талапкерден МС Сайлаубектің әнін салып беруді де сұрауы мүмкін шығар деп ойлайсың. Бұны сынақ кітапша авторлары Қазбек Сағидолла мен Серікболсын Дүйсембайлардан сұрау керек. Сонда бұл авторлардың деңгейі «тілсіз» «жұлдыздардың» айналасында ма? Сонда еліміздегі ең әйгілі мектеп оқушыларының үлгі тұтары «тілсіз» рэпер болу керек пе? Ал аталмыш мектеп басшылары бұл масқараға не дейді екен? Еліміздегі ең таңдаулы Назарбаев зияткерлік мектебіне жасалып жатқан сынақ тапсыру кітапшалары осындай болса, басқаларының сықпыты белгілі шығар... Жүре берсең, көре бересің» деген осы. Алла қазаққа сабыр берсін!»,– дейді ашынып.
Зерттей келе, шынында да, аталмыш жайт 2018 жылы жарық көрген Қазақ тілі оқулығында Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсушілерге арналған тест тапсырмалар жинағында орын алғанына көзіміз жетті.
Балаларға бағдар көрсеткіш былық авторларының бірі желі белсендісіне жауапта берген екен, «Талай 100 мың данамен шығып жүрген, ішінде қаншама қателіктер өріп жүрген оқулықтарды да көзіміз көріп жүр. Ал біздің ресми емес, тек емтиханға дайындыққа арналған Қазақ тілінен бар-жоғы 100 дана тестер жинағының ішіндегі 5-6 жолымыз қаншама балағат, ғайбат сөздерге алып келді. Бірақ, бұл жолдар келесі басылымда ауыстырылып, түзетіліп үлгерген еді, және бұл тест жинағы ешқандай ресми бекітілмеген, мектеп бағдарламасына енбеген», – деп жазды Серікболсын Дүйсембай. Қазіргі таңда Сауд Арабиясында білім алып жүрген кітап авторы еліне өкпесі бар екенін де жасырмады. «Мен бұны ақталу үшін де, мақтану үшін де жазып отырған жоқпын. Тек біздің қоғамның кейбір “белсенділері” мәселенің мән-жайына барып алмай, тек алып-қашпа әңгімеге еріп, жерден жеті қоян тапқандай бөлісе кететініне қарап әлем көшіне ілесудің ауылы алыс па деп қалдым. Титтей “қателігі” үшін өз ұлын өзегінен тепкендей көрінген елге енді оралғың да келмей қалады екен. Елден кешірім сұрадым», – деп жазады 25 жастағы павлодарлық ғалым.
К. Жақыпұлының желіде жариялаған жазбасына еліміздің үлгілі оқу ордасының маманы да жауап берді: «Аталған «Қазақ тілі» жинағының құрастырылуына және басылып шығуына «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қатысы жоқ. Кітап жекеменшік жолмен шығарылған. Аталған мазмұндағы тест тапсырмалары зияткерлік мектептерге түсу үшін конкурстық іріктеуде қолданылмайды», – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы педагогикалық өлшеулер орталығы директорының орынбасары Айдана Шилібекова.
Көпшіліктің қолданысында жүрген «Google» ақпараттық порталы «МС...» деп жаза бастағаннан-ақ «МС Сайлаубек» деген толыққанды мәліметтерді экранға шығарып береді. Бұл кісінің танымалдығына айтар уәж жоқ. Бірақ жұртқа белгілі болғанның бәрін ұрпаққа үлгі етіп көрсете берсек не болмақ?
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
28 ақпан 2018 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930