Гарвард университетіне оқуға тапсырамын
НЗМ-де оқимын деп мүлде ойламаппын. Информатика пәнінен сабақ беретін Ерлан ағай әкеме «қызың білімді. Тәуекел етіп, Қызылордадағы дарынды балалар мектебіне оқуға жібер» деп жиі ақыл қосатын. Өзім барғым келсе де, ата-анам бірден шешім қабылдамады. 6-сыныпта зияткерлік мектепке қабылдау жүріп жатқанын біліп, құжат тапсырдым. Екі кезең бойынша емтихан тапсырып, 30-орынға тұрақтадым. Ал мектепке қабылдау туралы шешім көктемде шықты. Үйде интернет желісі болмағандықтан, қуанышты хабарды көрші үйде білудің сәті түсті.
Мұнда сабақ таңертеңгі 8-де басталып, кешкі 5-те аяқталады. Алғашында орыс тілі мен ағылшын тілінен қиналдым, жатақханадағы апайлар барынша көмектесті. Қазір мені ешкім ауылдан келді деп ойламайды. Өйткені, ортаға тез бейімделдім. Мұнда келгелі өзімді-өзім тани бастадым. Басқа мектептерде тек кітап бойынша оқытса, мұнда зертханалық жұмыстар көп. Тақырыпты өзің зерттейсің, эксперимент жасайсың. Қазір кез келген мәселеге ғаламдық көзқараспен қарап, талқылауды үйрендім. Бұрын мүлде ойламаппын, мұнда келгелі шетелде білім алу туралы армандай бастадым. Оныншы сыныпта аралық бақылау өтеді. Сыныптастарым соған барынша дайындалуда. Ал менің бойымда бір сенім бар. Мектепті бітірген соң атақты Гарвард университетінде журналистика мамандығы бойынша оқитын боламын.