«Ақтөбенің» қосалқы құрамы Қызылордада «Қайсарды» тақырға отырғызып кетті.
«Ақтөбенің» жартылай қосалқы құрамы Қызылордада «Қайсарды» тақырға отырғызып кетті. Қаңтардың аяғында ҚФФ Дауларды шешу палатасы «Ақтөбенің» жаңа ойыншылар тіркеуіне тыйым салған-ды. Себеп – ақтөбеліктер бірнеше ойыншыға берешектерін төлемеген, қарызға белшесінен батқан. Әйтсе де, «ақ-қызыл» жейделілер құрамын жасақтап, ел біріншілігіне дайындалды... Бірақ өзара келісімге келіп, құрамын жасақтаған футболшылары мен легионерлерін Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы ресми түрде тіркемей қойды. Сөйтіп, «Ақтөбе» Қызылордаға былтырғы құрамынан қалған жергілікті ойыншыларын ғана әкетті. Алайда олар жеткіліксіз еді, сондықтан қосалқы құрамындағы бірнеше жас түлегін тартуға тура келді. Осылай, «Ақтөбе» жартылай қосалқы құрамымен, өрімдей жастарымен мақсаты биік, бағыты айқын «Қайсар» клубына қарсы шықты. Қызылордаға тіпті қонақтардың бас бапкері, Ресей маманы Владимир Муханов та келмеген. Неге? Белгісіз. Жүрексінді ме, әлде басқадай себебі болды ма?.. Сөйтіп, «Ақтөбенің» үш бірдей жас футблшысы негізгі құрамда алаңға шығып, Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы ойындарын өткізді. Олар – Сырым Әділжанов, Рустам Темірхан және Александр Усачев. Ал қосалқы құрамында тек жас өрендері отырды. Матч өте тартысты өтті. «Ақтөбенің» жастары жанкештілік танытты. Аянған жоқ, аяқтарын да тартқан жоқ. Легионерсіз де ойнауға болатындығын паш етті. Жастарға мүмкіндік беру керектігін көрсете білді. Әрі өздеріне артылған сенімді асыра ақтап шықты. Азулы қарсыласынна, олардың сапындағы тәжірибелі легионерлерден именген де жоқ... Матч соңында «Ақтөбе» жастарының еңбектері бағаланып, гол соғудың сәті түсті. Абат Айымбетов ештеңеден тайсалмай алға ентелеп, «Қайсардың» төрт бірдей ойыншысының ортасынан өтіп кетуге тырысты. Тіпті өтіп кетті де... Сол кезде Абатты тоқтатудың басқа амалын таппаған Иван Графф ойын ережесін бұзуға мәжбір болды. Пенальти! Төреші ойланған да жоқ. Бірден 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Пенальтиді Асланбек Кәкімов мүлтіксіз орындап, «Ақтөбе» жанкүйерлерін дүр сілкіндірді. Қонақтар алға шықты. Бұл ойынның 75-минуты болатын. Бірақ «Қайсар»қалған уақытта таразы басын теңестіре алмады. Жалпы, «Қайсардың» «дерті» сол былтырғыдай секілді. Гол соғуға – шорқақ. Ойын өрнектері жаман да емес болар. Бірақ допты қақпа ішіне дәл түсіре білу керек қой. Рас, «Ақтөбенің» қақпашысы Игорь Трофимец жанкештілік танытып, бірнеше соққыны тойтарды. Әйтсе де, гол соғудың амалын табу керек емес пе?! «Қайсар» – «Ақтөбе» – 0:1 (0:0) Гол: Кәкімов, 75-пенальтиден.