» » Амал келді – жыл келді

Амал келді – жыл келді

Наурызнама
 Биыл бірінші рет Сыр бойы жұртшылығы Жаңа жыл қарсаңында Көрісу күнін атап өтті. Рухани жаңғыру жолындағы ел мұраты бірігу, кешегі тарихты тірілту болса – бұл соның игі бастамасы.
Кешеден бүгінге Қазақстанның батыс өңірі және Ресеймен шекаралас аймақтардағы қазақ ғұрпына берік ағайын арқылы жеткен атаулы бұл күн тарихта Амал мерекесі деп те аталған. Осыдан бірер жыл бұрын ғана жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша наурыздың 14-інде қарсы алатын батыстағы ағайын Көрісу күнін тойлау үстінде деп қуанышына сырттай тілекші болып, бұқаралық ақпарат құралдарынан және ғаламтордан түрлі-түсті фотосуреттерін, бейнежазбаларын тамашалап қана отырушы едік. Енді міне, өзіміз де жасы үлкен ағайын-туғанға сәлем бере бардық. Көрші-көлемге «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтыстық. Өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылып, шынайы ықылас білдіретін күн ғой бұл.
Біздің Ұлыс күнін ұлықтаған ниетімізге Құдай бергендей бозала таңнан наурызша қылаулап тұрды. Қарайған жерді жасыра алмай наурызда қылаулап жауған жұқа қарды ел ішінде ертеден наурызша немесе наурыз қырбақ деп атайды. Дер уақытында жауған табиғаттың осы бір жан сергітер құбылысын жақсылыққа баладық.
Таңертең қаладағы Халыққа қызмет көрсету мекемесіне «Қолөнер» ұлттық нақыш және «Тағылым» балалар шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Қобыз үні» көрмесін тамашалай бардық. Тарихы терең, тамыры қазақ даласына ислам діні енген ғасырлармен астасатын киелі қобыз аспабының сан алуан түрлерін, қолөнер шеберлерінің көз майын тауысып жасаған бұйымдарын қызықтап жүрген ағайынның қарасы қалың болмаса да, ұлттық киімі жарасқан мұндағы жұрттың көңіл күйі жақсы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, арнайы комиссия құрамының ұйғарымымен І орынды ағаш шебері Жәнібек Асанов, ІІ орынды ағаш және мүйіз шебері Мырзабек Қаныбаев, ІІІ орынды тоқымашы Бақыткүл Райымбаева иеленді. Сондай-ақ қатысушыларға «Ағаш ұстасы», «Сыр шебері», «Зергер», «Алтын қолды шебер», «Жас шебер» деген сынды бірнеше аталым бойынша диплом табысталды.
Сәскеде Сыр сүлейлері аллеясында «Амал келді – жыл келді» тақырыбымен аймақтың бір қауым азаматтары қауышып, төс қағыстырып, Жаңа жылмен құттықтады. Мұнда облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, айтыскер ақын Айдос Рахметов арнау айтып, әншілер мен жыршылар ән мен жырдан шашу шашып, тігілген қос киіз үйдегі аста-төк дастарқан жиналған жұрттың мерейін асырды. Бір бірін бауырына басып, құшағына алған ағайын ерте көктемнің ызғары мен Қызылорданың қарыма желін де елең қылып жатқан жоқ.
Көрісу – амандасып, жақсылық тілеу ғана емес, жасы үлкенге құрмет көрсетудің әдемі көрінісі, бабадан жеткен ғажайып дәстүр жалғасы. Бұл бір күнмен шектеліп қалмайды, жыл бойына ұласады. Әртүрлі себептермен мейрам күні ауылда болмаған, сыртта жүрген адам жолы түскенде өз әулетінің жасы үлкен адамынан бөлек аймақтың ақсақалына, данагөй қариясына арнайы сәлем беруге барады. Лайым әр жыл сайын амандықпен дидарласып көрісуге, жақсылықпен бөлісуге жазсын.
                                                   
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
15 наурыз 2018 ж. 1 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031