» » ДӘСТҮРІН ДӘЙЕК ЕТКЕН ЖҰРТ

ДӘСТҮРІН ДӘЙЕК ЕТКЕН ЖҰРТ

 Қазақтың мыңжылдық дәстүрлерінің өзегінде әділдік, шындық, адамгершілік, имандылық секілді ірі қасиеттер жатыр. Біздің осы ұлттық ерек­шеліктеріміздің өзгелерден бөлек екендігін менмін деп кеудесімен көк тірегендердің көп­шілігі іштей болса да мойындайды. Ал Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы осы асыл құндылықты заманға қарай бейімдеу керектігін еске салады. 
Иә, қасиетті қастерлеп ұстау қиын. Еркіндіктің қуанышымен қамсыздыққа салынып, сәл болса да, босаңсуға жол беріп алғандаймыз. Қазіргі көрінгеннің даңғазасына таңырқап жүргеніміз соның белгісі болса керек. Қашанда жақсы мен жаман күн мен түндей алмасып отырарын ұмытпаған жөн болар.
Ақын Қадыр Мырзалиевтің мына өлеңін оқып көрелікші:
«Бабамыздың шоқ басқан табанымен
Бірдей екен жақсысы жаманымен.
Бір жаманы – тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы қимаған даланы кең...
...Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,
Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.
Бір жаманы сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы – абақты тұрғызбаған».
Осындағы екі ауыз сөзде көп мағына жатқандығын аңғаруға болады.
Көшпелі халықтың ел болып ұйысуы қандай тәртіпке негізделген, ұлан-байтақ кең даланы жайлаған жұрт кімнің сөзіне тоқтап, қалай басқарылған деп ойлайтындардың кезігуі әлбетте мүмкін.
Оның бастауын бағзыдан келе жатқан дәстүрлерден, тыйым заңдардан іздеу керек секілді. Біз бүгінгі әңгімемізде, халқымыздың әдет-ғұрпының маңыздылығын тіліміз жеткенше баяндауға ниеттендік. 
Әр мемлекеттің өзіне лайық құқықтық заңдары қоғамның қалыпты сақталуына, ішкі тәртіптің нығаюына  әсер еткені белгілі. Мәселен, ежелгі Вавилонның «Хампурапи заңы», Римнің «12 таблицасы», Үндінің «Ману» заңы үстемдік етсе, Қытайдың «Лаоцзы» заңы елдің ынтымағын сақтауға жұмыс істеп, қоғам мүшелерінің қарым-қатынастарын реттеп отырған. Жарты дүниені билеген атақты Шыңғысханның «Билік» және «Жасақ» заңы ұлы қаған империясының керегесін берік ете түскен, атағын аспандатқан. Ондағы қаталдықтарды кейбір жеңілдіктер жұмсартып, қолдануға ыңғайлы еткен.
Сөз атасы – Майқы бидің Жарғысының негізі кешеге дейін өміршеңдігін көрсеткен-ді. Жарғы әділдік дегенді білдіреді. Яғни, бір нәрсені екінші жағына аудармай қақ бөлу деген сөз. Құлаққа сіңісті болған «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы»  және Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» қазақтардың бас құқықтық заң нормалары саналады. Ертеден белгілі заң қауымдастығында  ел басқару билігінің тізгінін хан ұстағанымен, билік айтуға орда биі иелік еткен.
Қазақ қоғамында, әсіресе, туыстық байланыстардың тәртібін қатаң сақтаған салт-дәстүрлердің мол болуы рулық-тайпалық бөліністерге қатысты екендігін ескеру керек деп ойлаймыз. Осы орайда, ел аузында бұрыннан келе жатқан, «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» мәтелі кім-кімге де үлкен жауапкершілік, салмақ салады. Бұл қауымдасып өмір сүрудің  шарттарын білдіреді десек те болады. Жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты деп аталатын ошақтың үш бұтындай ынтымақшылықтың арғы жағында өз атасы тұрмақ.
Қазақтың арғы атасы Алаш қартайған шағында Ақарыс, Жанарыс, Бекарысқа енші беріп, өзіндегі мал-мүліктің бір бөлігін  қарашаңырақта қалдырады. «Бұл бөлінбеген еншілерің» депті. Сондықтан да жолаушылап шыққанда қазақтар ыдыс-табағын, тамағын, көлігіне жем-шөбін алып жүрмейді. Қонған ауылында мейманның жағдайын жасау міндеті белгіленген. Осы дәстүрді бұзған кісі ұятқа қалып, тіпті ат-тон айыбын тартады. Мұндай мәліметтерді  Қ.Омархановтың «Қазақ елінің дәстүрлі құқығы» атты кітабынан көптеп  кездестірдік.
Осындай қарым-қатынастарды негізге  ала отырып,  әдет-ғұрыптар мен салт дәстүрлер, бүгінгі көзқараспен қарағанда, конституциялық, азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасылық және қылмыстық заңдылықтардың жиынтығы десек, жаңылыспаймыз. Көшпелі қазақ қауымдастығында берік орын алған, ұйыса тіршілік етудің құралы деп батыл айта аламыз. Бала кезімізден Жаяу Мұсаның «Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса...» деп басталатын әнін жаттап өстік. Сондағы Шорманның Мұстафасын мұғалімдеріміз жалғызілікті, кедей ақынға күш көрсеткен зорлықшыл бай деп түсіндіретін. Басымдығын білдіріп, атын тартып алған соң әнші «Жаяу Мұса» деп атанған екен деп мүсіркейтінбіз. Ал шындығында керісінше болып шықты.
Дала заңындағы атадан келе жатқан әдет-ғұрып бойынша  жолаушы алдынан кезіккен ауылдың үлкеніне сәлем беріп, жөнін айтуға тиіс болған. Міне, Мұса атағы жер жарған Шорманның Мұстафасының ауылы тұсынан қайырылмастан, шаңдатып өте беріпті. Ауылдың игі жақсыларын сыйламай, жөнін білдірмеген әдепсіздігі үшін Мұстафа жігіттерін жіберіп, әнші Мұсаның атын алдырған, жазалаған көрінеді.
Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» ата-анасына тілін тигізген немесе әдептен аттап, қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс мінгізіп, ауыл-ауылды аралатқан. Ал сондай әбес әрекетке барған қыз бала анасына тапсырылған. Анасы кінәлі қызды қалай жазаласа да, ерікті болған. Міне, бұрынғылардың жүзінен иман төгіліп тұратындығын осындай тыйым  тәртіптердің қатаң сақталуынан, оны жалпыға бірдейлігінен деп ойлаймыз.
Бірде Құнанбай қажының ұлы Ысқақ ұры Қарасақаудың ауылына бір топ нөкерлерімен  кештетіп келіп қалады.
– Қош келіпсіздер, – деген ауыл иесіне Ысқақ: – Әй, залым ұры, Құдайдың күнінің  сенің ауылыңның тұсына келгенде батып, осында тоқтағаныма  назалымын, – дейді  ызбарлана.
– Ұрлық ет беріп, ауыртасың ау, –депті тағы да.
– Мырза, аттан түсіңіз, бір адал мал табылар, – деген Қарасақау меймандарын үйге кіргізісімен Ысқақтың қара жорғасын шетке апарып сойғызып, сол етпен қонақасы беріпті. Ертеңіне оның бұл қылығы әшкере болады да, ашуға булыққан Ысқақ Қарасақауды байлатқызып, жаза тартырмаққа Семейде билік айтып жатқан Абайдың алдына алып келіпті. Қажының айналасындағылар өре түрегелгенімен Абай өз билігінде:
– Әуелі кінә Ысқақтан. Үлкен кісіні тілдегені  үшін ат- шапан айып төлейді. Ал үй иесі қара жорғаның орнына екі бесті береді, – деп байлам айтып, тоқтатқан екен. Мынадай әділ шешімге риза болған Қарасақау содан кейін ұрлығын қойып кеткен екен дейді.
Иә, қашанда әділ билік - алтын таразы!
Қазақ мемлекетінің қалыптасуы кезінде меншік туралы заңның да ең басты орын алатындығын атап айтқан жөн. Онда жеке мүліктік, мал мен мүлік меншігі сондай-ақ, көші-қон кезіндегі жайылым, су, қыстау мәселелері арнайы белгіленген.
Қысылғанда «жылу беру» дүние-мүлкі көбейіп, байыған кісінің «шүлен таратуы» және «көлік майын» келісу, «жұртшылық ісі – қатаң тәртіпке бағындырылған үрдістер. Осы жерде, «жұртшылық ісін» кейінгі кезде өзіміз айтып жүрген «асар әдісімен» шатыстырмаған жөн секілді. Жұртшылық ісіне, көптің бәріне бірдей қажетті - көпір салу, құдық қазу, тоған тарту секілді ортақ шаруаларды жатқызады.
 Сонымен бірге, бұл жарғыда  дәулетті адамдардың айналасындағы жоқ-жітіктерге туған малынан сауын беріп отыруы да қарастырылған. Мал иесі бұл заң бойынша,  сауылған сүттен, оның құрт-майынан дәметпей, тек малының басы, төлінің аман оралуын ғана талап ете алатын болған. Осы тәртіптерді бұзған адамға билер тарапынан айып салынып, шара көрілген. Кейде кісінің қылығына қарай, елден шеттетуге шейін жаза қолданылатын болған. Осының бәрі өзіміз сөз басында айтқандай, елдің ұйысуына, ынтымағының мол болуына әсер етті.
Шағын мақалада ертеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты тізіп айтып шығу міндет емес, дегенде халқымыздың қасиеттілігін, тектілігін сақтай  білудегі білімдарлығын, тапқыр ойлылығын жете тану тұрғысында жастарымыздың көкірегіне сәуле түссе деп едік, сол кәдеге жазғанымыз жарап жатса, бек қуаныштымыз. Мемлекет басшысы өзінің жоғарыда аталған еңбегінде: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» екендігін еске салумен қатар қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды айқын белгілеп берді. Бұл әрбір отандасымыз үшін басты міндет болуы тиіс.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
22 наурыз 2018 ж. 1 048 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031