Сіз білмейтін тағы бір қызық
Витамин (вита + амин) «өмірлік қажетті амин» дегенді білдіреді. Бұл ұғымды бұдан бір ғасыр бұрын (1902 ж) поляк химигі Каземир Функ ендірген. Бүгінде дәрумен (витамин) деп аталатын 13 түрлі зат бар. Олар майда еритін (А, Д, Е, К) және суда еритін (С мен В тобының витаминдері) болып бөлінеді. Осының ішінде Д, К және В3 дәрумендерін адам ағзасы өзі түзеді, қалғандары ағзаға азық арқылы түседі. А дәрумені көз бен бауырды қорғайды, жарақаттарды жазады, ал В тобының дәрумендері зат алмасуына атсалысады, жүйке жүйесінің жұмысын реттейді, С дәрумені ағзаның инфекцияға төзімін арттырады, Д дәрумені сүйектерді нығайтады, Е – қартаюды тежейді. Адам ағзасының С дәруменіне сұранысын қанағаттандыру үшін күніне 5-6 түйір балғын көкөністер жеу қажет. Сол сияқты басқа да қажетті дәрумендер адам ағзасында күнделікті жеткілікті мөлшерде болғаны дұрыс. Адам кейде өзінің білместігінен немесе зиянды әдеттерінің кесірінен де витаминнен айырылады. Мысалы, аспиринді көп ішсе, ағзадан С дәрумені көп жойылады, ал темекі А, С, Р дәрумендерін, ішімдік А дәрумені мен В тобының дәрумендерін жояды. Тоңазытқышта үш күн тұрған көкөністер дәрумендердің тең жартысына жуығынан айырылады. Жабайы жемістерден гөрі қолда өсірілген жемістерде дәрумен аз. Арнайы қорғаныштық қабатта шығарылған дәріханалық поливитаминдердегі пайдалы заттар 2-ден 7 жылға дейін өз қасиеттерін сақтай алады. Қалада тұратын адамдарда ультракүлгін сәуле арқылы түзілетін Д дәрумені аз, себебі қала ауасы лас. Сондықтан қалалықтар ағзаны Д витаминімен қамтамасыз ететін жағдайды әрдайым қаперде ұстағандары абзал. Жалпы, өмірге аса қажетті бұл аминдерді әрдайым назарда ұстап, олармен ағзаны қажетті деңгейде қамтамасыз етіп жүру керектігін ұмытпаған абзал.