Сағынтаев «жазған баяндаманы оқып беретін» ІІМ бірінші орынбасарын сынады

«Қазіргі уақытта ШҚО-да 430 үй су астында қалып отыр, 326 тұрғын үйден су алынды. Қарағанды облысында су басқан үйлерде толығымен сорып алынды. ШҚО-ға ІІМ жедел тобы жіберілді. Авариялық құтқару және шұғыл жұмыстарға саны 454 адамнан 203 бірлік техникадан тұратын күштер жұмылдырылған», - деді Жанат Сүлейменов.
Оның баяндамасынан соң Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың сауалына жауап беруін сұрады. ІІМ бірінші орынбасары бұл мәселе бойынша демалыс күні Ұлттық Ұлан ұшағымен ОҚО, Алматы, Павлодар облыстарынан қосымша жеке құрам мен техника жеткізгенін атап өтті.
«Дұрыс, жоқ болғаннан кейін басқа облыстардан алып отырсыздар ғой. Норма бойынша осынша болу керек, шын мәнінде басқа цифр деп (Даниал Ахметов – авт.) айтып отыр. Өте төмен. Министрлік тарапынан қандай іс-шаралар жасалып отыр?», - деп Премьер-министр сұрағаны сол еді, Жанат Сүлейменов «рұқсат болса, ол туралы менің баяндамамда жоқ» - деп қысқа қайырды.
Бақытжан Сағынтаев ІІМ бірінші орынбасарының бұл сөзін қатаң сынға алды.
«Баяндамаңызға жазып берген жоқ па? Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндамаға жазып бергенді оқып бересіз, жазбаса жағдайдың не болып жатқанын білмейсіздер. Соңында осындай жағдайға душар боламыз. Техника жоқ, комбинезон жоқ, мотопомпа жоқ, жағдай болса көрші облыстардан сұрап аламыз. Түсінікті», - деді ол.