ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК БИШІЛЕРІ СЫР БОЙЫНДА
1 сәуір күні «Евразия» спорт кешенінде облыс әкімінің кубогы үшін бал билерінен «QYZYLORDA OPEN-2018» халықаралық турнирі өтеді. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен және ҚР ұлттық билері кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылатын турнир Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорданың 2 ғасырлық мерейтойына арналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру, өңірде балл билері өнерін дамыту, өскелең ұрпақтың шығармашылығын шыңдау және талантты қыз-жігіттерді қолдау мақсатында өтеді.
Турнирге ТМД елдері мен республиканың өзге облыстарынан барлығы 800-ге жуық биші қатысады. Мәселен, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сондай-ақ Астана, Тараз, Шымкент, Қарағанды және т.б. қалалардан келген өнерпаздар бақ сынайды. Сайыскерлердің өнерін Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы, барлығы 24 төреші бағалайды. Турнирді тамашалау тегін.