«ТАЗА» ЕТ ТУРАЛЫ ЕСТІДІҢІЗ БЕ?
Билл Гейтс және Ричард Брэнсон «таза» ет өндіруді қолға алмақ. Яғни ғалымдар малдың ұлпа кесіндісін алып, бұлшық етті лабараториялық жағдайда өсіреді.
Әдетте біз өлі малдың етін жесек, тың технологияның нәтижесінде малдан тек тірі бұлшықет жасушалары алынады. Оған ақуызды қосқаннан кейін, бұлшықет көбейеді. Болжамға сай екі ай ішінде кез келген малдың 10 бұлшықет жасушасынан 50 мың тонна ет өндіруге болады.
Алғаш рет бұл бастаманы Уинстон Черчилль көтерді. «Тауықтың аяғын ғана жеу үшін тұтас тауықты өсірудің не керегі бар?» деген сөзі ғалымдар арасында ой туғызды. Осыдан кейін 2001 жылы Амстердам университетінің ғалымдары жасанды ет шығару патентін жеңіп алды. Бүгінде 30-дан астам елде жасанды ет өндіру тәсілі қызу талқылануда.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемдегі адам саны 9,6 миллиардға жетеді. Халықтың көбі азық-түлікке, оның ішінде етке зәру болады. БҰҰ-ның азық-түлік және шаруашылық ұйымы жетекшісінің айтуынша, болашақта ғаламдық шарушылықтың өнімі 70 пайызға артуы тиіс. Мұндай жағдайда орманды ору екі есе, жылыжайлық газдардың шығыны 77 пайызға артады.
Билл Гейтс пен Ричард Брэнсонның пікірінше, 9 миллиард адамды етпен қамту мүмкін емес. Дегенмен қорды азайтпай, технологиялық мүкіндікті арттыру керек. Табиғатқа және әлемге зияны азырақ болатын тәсілдерді кеңінен қарастыру керек. Олардың айтуынша, еттің бұл түрі таза жағдайда өндірілетіндіктен сұранысқа ие болады.
Ал сіз зертханада өндірілген етті қолданар ма едіңіз?
Әсел БЕГМАН