Ұлттық құрама ойыншысы 9 жылға сотталды
«Жетісу» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Саят Сариев Алматы облысында адам өлтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
25 жастағы Саят Сариев екі бап бойынша айыпталды: «Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» (ҚР ҚК 287-бабы, 2 бөлім) және «Адам өлтiру» (ҚР ҚК 99-бабы, 2 бөлім).
2017 жылы 28 қарашадан 29-на қараған түні ол мас күйінде таныстарына барған. Кейін дүкенге барып, артынша букмекерлік кеңсенің алдында ескі достарымен кездесіп, олармен жанжалдасып қалады.
Букмекерлік кеңседен шыққан адамдар Саяттан бәс тігуге ақша мен сыра сатып алып беруін талап еткен. Сариев бас тартқан соң, біреуі футболшыны ұрып жіберген. Ашуланған Сариев көлігінен тапаншы алып шығып, Аслан Қабанбаевты атып тастайды. Кейін тапаншасын өзенге лақтырып жіберген.
Сотта Сариев адамға оқ атқаны есінде жоқ екенін айтты. Бірақ сот оны екі бап бойынша кінәлі деп тауып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.
Футболшы бірден аппеляциялық шағым жазған. Аппеляциялық коллегия отырысы сәуір айында өтеді.