Букмекерлік кеңсе деген не?
Мәссаған!
Жыл сайын елімізде жүздеген букмекерлік кеңселер ашылатын көрінеді. Оған себеп – сұраныс. Бүгінде жалғыз интернет-ресурс арқылы бәс тігетін адамдардың саны 200 мыңнан асып жығылады. Букмекерлік кеңселердің айналымы жылына 30 млрд теңгенің шамасында. Бұл сомадан мемлекет бюджетінің қалтасы томпаятыны рас. Бірақ небір жаман қасиеттерге әуес, жауапкершіліктен ада ұрпақтың есебінен келетін салық ақылы сергек жастарды алмастыра ала ма?
Тұтынушыны тонауды ғана ойлайтын ойын бизнесінің қарқыны қатты. Қазіргі кезде елімізде етек жайған құмар ойынның ең танымалы «Олимп» деп аталады. Оның кез-келген бөлімшесінің іші жомарт «қонақтар» үшін жайлы орындықтармен, жылдам интернетпен қамтамасыз етілген. Бас сұға қалсаңыз, топ-топ жас жігіттерді көресіз. Тіпті, жасы алпысты алқымдаған ақ сақалды «қариялар» да кездеседі. Спорттың барлық түрі қамтылған құмар ойынның қасапханасында, әсіресе, футболдан чимпиондар лигасы болатын күндері адам қарасы қалыңдай түседі. Осы күндері қуаныштың айқайы мен «аһ» ұрған дауыстар әдеттегіден көбірек шығады. Бұл дауыстар букмекерлік компанияның бойына қан жүгіртеді. Түскен табыстың тек 20-30 пайызын ғана ұтысқа арнайтын «Олимп» ойынханасының республикамызда 200-ге жуық бөлімшесі бар. Бұдан бөлек, қазақтың байтақ жерінде арқасын кеңге жайған «Зенит», «Betcity», «Гол+Пас», «Tennisi», «MegaBet», «Profit», «1хBet» сияқты ойынханалар да пайданың дәмін біліп алған.
«Француз Пьер Олер ойлап тапқан ойын бүгінде Еуропа елдерінде жоқтың қасы»,– дейді танымал тележүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы «Букмекерлік кеңсе – баяу өлім» атты мақаласында. Ресми түрде тек Англияда аталмыш ойынға бәс тігуге рұқсат етілген. Еуропа елдері букмекерлік ойындар тиімді болса баяғыда ақ дамытып, әр үйге бір-бір кеңсе ашып қояр еді. Ойынның қауіптілігінен қорыққандықтан батыста бұл ойындарға қатаң тыйым салынған. Жер бетінде алты миллиард адам бар болса, соның небары оны ғана букмекерлерік кеңселерден миллиондарды ұтуы мүмкін. Бүгінде ит жарысқа да, ат жарысқа да жиі бәс тігіледі. Ал, бұл ойындарда кімнің жеңерін дәл табу мүмкіндігі жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, букмекерлік кеңсе – казиноның бір түрі. Бұнда да сол ақша тігіледі, жеңімпаздың кім болары белгісіз.
Арман (аты өзгертіліп алынған) есімді жігіт: «Бәс тігетін ойындар – ақылмен ойнағандар үшін табыс көзі» дегенді айтады. Ол бүгінде жұмыссыз, табыс көзі – құмар ойын. Оның айтуынша, бәс тігетін спорт түрін зерттеп, қыр-сырын білген адам ұтылмайды. «Егер жеңіліп қалсаңыз, өзіңізден көріңіз. Енді тікелей эфирде болып жатқан футболдың нәтижесін букмекер қызметкерлері білмейтіні анық қой. Осы арқылы пайда тауып жүрмін, кейде ұтыламын. Болжамым ойдағыдай болмаса, нақты есеп жасайтын білікті жігіттерден сатып аламын»,– дейді Арман.
Құмар ойынға құнығып кеткен бірнеше жігіттен сұрағанымызда олардың да айтары Арманның пікірінен алыстамайтынын ұқтық. Көпшілігінде қалыптасқан пікір осы. Дегенмен, компания жетекшілерінің қандай құйтырқы саясат жүргізіп отырғанын бірі білсе, бірі білмейді.
Бұл жайында кезінде бәс тігіп, қазір түбегейлі бас тартқан қала тұрғыны Бағдат Айділда: «Букмекерлік кеңселердің өз пайдасына жұмыс жасайтыны анық дүние. Сондықтан ойынханалардың айласы дау тудырмаса керек. Мысал келтірейін: айталық, екі футбол командасы ойнағалы жатыр. Букмекер аналитиктері қос команданы да жетік зерттейді. Содан соң «мүмкін-ау» деген көрсеткіштерді анықтап, ол нәтижелерді жарыс тақтасынан алып тастайды. Ал сізге ықтималдығы аз нәтижелерді ұсынады. Болды, қақпанға түстіңіз. Бұл – менің зерттеп тапқаным ғана. Сіз бен бізге белгісіз айла-амалдарды ойлап табумен айналысатын «саясаткерлері» күн сайын жаңа қақпан жасап шығарады десем, артық айтқаным емес», – дейді. – Ең сорақысы, жастарды оңай ақша табуға әуес қылады. Еңбек етуге деген құлшынысты жояды. Қарызға белшесінен батып, үйін несиеге қойған таныстарым да бар. Жақсылыққа бастамайтын бұндай пәледен жастар аулақ жүрсе екен».
Қасиетті дінімізде де құмар ойынға қатал тыйым салынған. Бұған қатысты Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойын арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуда және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!» деген екен. Қай тұсынан алып қарасақ та, құмар ойын қауіпті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ