ҚМДБ өкілі "Әйелді əркез ұрып тұруға болады" деген уағызға қатысты түсініктеме берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонырбайұлы әлеуметтік желілерде таралып жатқан Ризабек Батталұлының "Әйелді əркез ұрып тұруға болады", - деген уағызына қатысты өзінің фэйсбук парақшасында түсініктеме берді, деп хабарлайды silteme.kz.
"Ризабек Батталұлының: "Әйелді əркез ұрып тұруға болады", - деген уағызына қатысты түсініктеме сұраған əріптестеріме мынадай мəселелерді мəлімдеймін:
Біріншіден, əлеуметтік желіде тараған бейне материал осыдан үш жыл бұрын таспаға жазылған. Осы видео қазір қандай "қажеттіліктің" негізінде қайта жарияланып жатқанын өз басым түсінбедім.
Екіншіден, Ризабек Батталұлы осыған дейін имамдық қызметте болмаған. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде жамағат тарапынан түскен сауалға азаматтық көзқарасын білдірген. Бүгінде Алматыдағы "Нұр Мүбəрак" университетінде қызмет етіп жүрген Р.Батталұлын "имам" деп атау - тілшілер тарапынан кеткен қате ақпарат. Бұған жол бермеңіздер!
Үшіншіден, кез-келген уағызшының шариғаттағы шетін, нәзік мəселені өз танымы мен табиғатына салып түсіндіруіне жол берілмейді. Бұл - жеңіл жауап бере салатын жағдай емес. Дінді адамдарға қорқытып емес, сүйіншілеп жеткізіңдер немесе сендердің араларыңдағы ең қайырлыларың - əйелдеріңе жақсы қарағандарың деген мағынада келетін хадистер халыққа көбірек насихатталуы тиіс. Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру, оған насихат айту, шынайы жанашырлық сезіміңді жеткізу, төсекте жалғыз қалдыру, дәлелденген айыбы үшін уақытша сөйлемей қою, тағы басқа тəрбиенің əдеп шеңберіндегі амалдар қамшының соққысынан асып түсетін тəсілдер. Қиыны - қисық қабырғаны түзеймін деп оны сындырып алу. Əйелді күшпен бағындыру - шарасыздық, бəлкім əлсіздік. Р.Батталұлының сөзін қоғам қабылдамай жатса - бұл табиғи құбылыс.
Төртіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз айтудың əдебі мен тəртібіне қатысты арнайы Ереженің жобасын əзірлеуде. Тəртіп Ережесі уағыз айтудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді" деп жазған ол.