» » ҮШТЕН КЕЙІН КЕШ

ҮШТЕН КЕЙІН КЕШ

Мен және менің балам

     Үйде жаңа туған немесе бір жасқа толмаған балаңыз, не іні-сіңіліңіз бар ма? Оның бір күніне ойша шолу жасап көріңізші. Күні бойы бір бөлмеде жататын нәресте таңертең оянады, тамақтанады, жыласа анасы қолына алады, жыламаса бір орында жата береді. Енді оның бөлмесіне мән беріңіз. Бала көбіне шалқасынан жатқан соң тек ақ “потолокқа” қарап жатады. Үй іші бала жатқан бөлмеде аяғының ұшымен жүріп, бір-бірімен сыбырласып сөйлеседі. Сол нәресте келешекте білімге құштарсыз, өзіне сенімсіз болып өседі.
Қазақтың ата-анасы орыс баласын жиі мақтайды. Себебі олардың көбі шымыр, өз ойын батыл айтады және өзін сенімді ұстайды. Қазақ нәрестесі мен орыс баласының айырмашылығы неде? Байқасаңыз, орыс халқы баланы сәби кезінен жеңіл киіндіріп, шынықтырады, таза ауаға көп шығарып, балаға толығымен еркіндік береді. Бізде қалай? “Бала құстың көлеңкесінен тоңады” деп, емін-еркін қозғалуына кедергі келтіретін қалың киіммен қымтаймыз. “Жердегіні ұстама, үстіңді былғама” деп балаға жағаласып жүреміз. Оған қоса баланы тек физикалық емес, интеллектуалды тұрғыда шектейміз. Ғылыми зерттеуге сүйенсек, нәрестенің жүйке жүйесінің арасындағы байланыс ересек адаммен салыстырғанда 300%-ға белсенді. Дегенмен 3 жасына дейін ол байланыс әлсірейді. Мүмкіндікті дер кезінде қолданбасақ, көп дүниеден құр қаламыз.
Кез келген баланың үш жасына дейінгі зеректігі мен ерекше қабілеті әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Оның ішінде Жапония, АҚШ, Ресей, Италия, Германия, Францияның ғалымдары жан-жақты зерттеп, қолданысқа енгеніне 100 жылдан астам уақыт болған баланы ерте жетілдіру әдістері бар. Осы тақырыпта кітап жазған танымал авторлардың (Доман, Сузуки, Лупан, Зайцев, Никитины, Тропп) айтуынша, нәрестенің білім алуға деген қабілеті өте жоғары. Баланың қабілеттерін ерте жетілдіру дәстүрлі білім беру жүйесімен ұштаспайды. Себебі бұл әдістің мақсаты – нәрестенің жан-жағын оның танымын дамытатын заттармен қоршап, барлық нәрсені түрлі ойындардың көмегімен үйрету. Баланы ерте жетілдіру әдісі туралы айтпас бұрын оның қағидаларына тоқталсақ:
Ең бастысы, баланы жаңа дүниені үйретуге күштемеу;
Баланың шынайы қызығушылығын ескеру және үйрету процесін ойын түрінде өткізу;
Жалығып бастаған сәтінде дереу тоқтату;
Жоғарыда 100-ден аса әдіс бар дедік. Сол әдістің бірін қолданбас бұрын оны тыңғылықты зерттеңіз. Себебі жұрттың баласына ықпал еткен тәсіл сіздің балаңызға әсер етпеуі мүмкін. Барлық баланы бірдей ерте дамытатын әдіс жоқ. Теориясы қалыптасқан, дегенмен жеке баланың қызығушылығына, қабілетіне қарай іс жүзінде өзгеріске ұшырайды.  
Американдық дәрігер Гленн Доман баланың интелектуалдық қабілетінен бұрын физикалық жағдайын ерте жетілдіру керегін айтады. Ол бала туған сәтінен бастап,  бұлшықетін шынықтырып, жиі жаттығулар жасағанды құптайды. Себебі сәбидің өміріндегі алғашқы үш жыл қаншалықты қызықты, әрі белсенді болса, болашақтағы өмірі де сондай болады. Оған дәлел – әлемдік спортта биіктен көрініп жүрген спортшылардың жетістігі. Олардың айтуынша, көбі спортпен 2 жасынан бастап айналысқан.
Белгілі Sony корпорациясының негізін қалаған Масару Ибуканың “Үштен кейін кеш” кітабында Сузуки дәрігердің тәжірибесі баяндалған. Күнде таңертең екі жасар баланы аналары еркінен тыс скрипка үйірмесіне әкеледі. Бөлмеде ересектер скрипка тартуды үйреніп жатса да, алғашында бала мән бермей, өзімен-өзі ойнап жүреді. Егер оларды күштеп үйрететін болса, олар келешекте аспапты жек көріп кетеді. Сондықтан дәрігер Сузуки олардың скрипкаға қызығушылығы өздігінен басталғанын күтеді. Уақыт өте бала бір орында отырып, аспапты мұқият тыңдайды. Екі, не үш ай өткен соң бала осыған дейінгі тартылған туындыларды жаттап алады. Нәтижесінде өзі де меңгеруге қызығушылық танытады. Осылайша баланың тағаты шегіне жеткен сәтте мұғалім қолына аспапты береді. Бұл ретте маңызды дүние – баланы күштемей қызықтыру. Бұл – ерте жетілдірудің негізгі қағидасы. Осы секілді балаға санауды үйрету үшін, оны сандармен қызықтыру керек. Бала ерте жазу, не сурет салу үшін жан-жағында жеткілікті қалам мен қағаз болуы шарт. Ескеретін жайт, бала қаламды тани бастаған сәтте кедергі болмаңыз. Ол қаламды жазу үшін емес, басқаша қолдануы мүмкін. Егер сіз қолындағы қаламды алып, мәселен “онымен үстелді ұрмайды, жазады” дейтін болсаңыз, баланың қаламға деген қызығушылығы сол сәтте жоғалады. Осы сынды қағазды бастапқыда жыртуы, не көлігінің астындағы жол ретінде көруі мүмкін. Сонымен қоса балаңызға дайын емес, өзі құрастыратын немесе пішінін өзгерте алатын ойыншық алуға талпыныңыз. Мысалы, конструктор, ермексаз (пластилин) т.б. Бұл баланың қиялын ширатып, тапқырлығының дамуына ықпал етеді. Болашақта дайын дүниеден гөрі еңбектеніп, жетістікке өзі жетуге үйретеді.
Сәбидің миы көп ақпаратты қабылдай алады. Оған дәлел – әлемге танымал жапондық мұғалім Масао Кагата және оның жапон, ағылшын, испан, италиян, неміс, француз тілдерін меңгерген талантты балалары. Ол ұлы 2 жасқа, қызы 3 айлық болған кезінде қызметін тастап, бар уақытын балаларының тәрбиесіне арнаған. Жапонияның танымал газетіне Масао туралы мақала шыққан кезде жас әкені бәрі айыптады. Көбі оны нәрестені балалық шағынан айырған “агрессивті әке” деп атаған. Дегенмен оның қолданған әдісі әлемге сәбидің ерекше интеллектуалды қабілеті барын дәлелдеді. Масаоның айтуынша, ол балаларын тіл үйретуге күштемеген. Тек бос уақытта олар француз тілін ағылшынша үйрететін радиобағдарлама тыңдаған. Уақыт өте басқа да тілдерді меңгерген. Радиодағы мұғалім байыпты дауысымен сөздерді қатесіз айтады. Тиісінше балалары да қатесіз жаттаған.
Бұл тек ерте жетілген баланың мысалы емес, оның ата-анасының тынымсыз еңбегінің айғағы. Балаға жақсы тәрбие беріп, материалдық жағынан қамтамасыз ету аздық етеді. Жалқау, сенімсіз, білімсіз бала – ата-ананың бейқамдығының нәтижесі. Баласының нені армандайтынын, не нәрсеге қызығатынын білмейтін, білу үшін уақыт таппайтын ата-ананың кінәсі. Кез келген бала жаңа білімді тануға құштар болып туады. Ал одан талант тәрбиелеу ата-ананың қолында.
Әсел БЕГМАН
26 сәуір 2018 ж. 1 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031