» » КЕДЕРГІСІЗ БІЛІМ

КЕДЕРГІСІЗ БІЛІМ

Арман – мінезі ашық, зерек бала. Сұқбаттасу мақсатында үйіне барғанымызда алдымыздан шығып, өзі күтіп алды. Далада аққала жасап, ойнап жүр. Оның айтуынша, сабақ қиын. Дегенмен келешектегі мақсаты – үй салып, жеке кәсіп ашу. Сондықтан ол қиын болса да, білім алуға бар күшін салып жүр.
ЖақсылықТӘУЕКЕЛОВ, Арманның атасы:
– Немерем 2007 жылы дүниеге келді. Диагнозы – моторная алалия. Жасы 5-6-ға келгенде ойын ымдап жеткізетін, бірақ сөйлемейді. Анализ тапсырдық, тексерттік. Сөйтіп жүргенде, мектепке баратын уақытты өткізіп алдық. Инклюзивті білім жүйесі туралы естіп, №264 мектеп-лицейіне апардық. Шүкір, бүгінде 2-сыныпта оқиды. Бұрын мүлде жазбайтын. Қазір әріптерді қарындашпен салып берсең, үстінен әдемілеп басып шығады. Сыныбында достары көп. Мұндай жүйенің елімізде жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын. Енді облыстағы бүкіл мектеп қамтылса, нұр үстіне нұр болар еді.
СалтанатКӨМЕКБАЕВА, №264 мектеп-лицейінің Инклюзивті білім беру бөлімінің педагог-ұйымдастырушысы:
– Инклюзивті білім беруде ұстаз балаға мүмкіндігі шектеулі деп емес, ерекше білім алуды қажет етеді деген көзқараспен қарауы тиіс. Бұл жүйе екі бағытта жүзеге асады: арнайы және кіріктірілген. Арнайы сыныпта диагнозы бірдей балалар оқыса, кіріктірілген сыныпта 22 балаға бір дамуы шектеулі баланы қосамыз. Бүгінде бастауышта 22 кіріктірілген сынып бар.
«БҰЛ ЖҮЙЕДЕ ШЕШУШІ РӨЛ МҰҒАЛІМГЕ ТИЕСІЛІ»
Берілген қырық минут барысында ұстаз барлығына бірдей сабақ өтіп, ерекше білім беруді қажет ететін баланы сыныпқа араластыра білу керек. Бұл сөзбен айтқанда оңай. Тәжірибемізде аутист бала болды. Екі жыл үйде оқыған, мектептен хабары жоқ. Тіпті бала көрмеген. Сол кезде біздің алдымызда баланы сауаттандырудан бұрын партаға отырғызу мақсаты тұрды. Бастапқыда қиын болды. Себебі уақыт тығыз. Сабақ өту барысында сау баланың ойы бөлінеді. Дамуы шектеулі баламен де тіл табысу керек. Дегенмен ауыртпалыққа берілмедік. Ұжыммен бірігіп, тынбай еңбектендік. Қазір шүкір баламыз 3-сыныпта оқиды. Мектепке де, мұғалімдеріне де үйренді.
«АТА-АНА ҚАРСЫ БОЛДЫ»
Жүйе енгізілгеннен кейін сау баланың ата-анасы наразылық білдірді. Көбі мүмкіндігі шектеулі балаға еліктеп, менің балам да «ауру» болады деп қорқады. Сондықтан ата-аналардың басын біріктіріп, жиналыс өткіземіз. Оларға «Бір дамуы шектеулі бала 22 сау баланы өзгертуі мүмкін емес. Керісінше 22 сау бала қиындыққа тап болған бір баланың сауығып кетуіне жәрдемдеседі» деген ойды жеткізуге тырысамыз.
«ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН БАЛА»
Оның мінезі тұйық болды. Сабаққа келгенде партаның астында отыратын. Баламен жүйелі жұмыс істеп, нәтижесінде ол танымастай өзгерді. Ой-өрісі кеңіп, мінезі ашыла бастады. Тың қабілеті, қасиеттері танылды. Соның бір дәлелі әр қоңырау сайын инклюзив бөлмесіне келіп, апайларын құшақтап кетеді.
Мектепте түзету бөлмесі бар. Кіріктірілген сыныпта оқитын балалар сабақтан шыққан соң осы кабинетке келіп, кесте бойынша мамандар әрқайсысымен қосымша жұмыс істейді. 1-сынып оқушылары аптасына 3 рет, өзге сынып оқушылары 2 реттен келеді. Бала бөлмедегі құстарды, балықтарды тамақтандырады. Бұл жерде балаға шектеу жоқ. Емін-еркін жүруіне рұқсат.
Инклюзивті кабинетте балалар мұғалімдерімен бірігіп, помидор, гүл егеді. Салтанат ханымның айтуынша, тұқымдар гүлдеген кезде балалар өзгеше қуанады. Тіпті олар қоңырау арасында келіп, гүлдерін бақылағанды ұнатады екен.
«ЖАС МАМАНДАРҒА БАСТЫ ТАЛАПБАЛАНЫ ЖАҚСЫ КӨРУ»
Мамандарымыздың барлығы арнайы курстардан өтіп, білімдерін жетілдіреді. Олардың басты міндеті – баланы сыныпқа, қоғамға кіріктіре алу. Сенімсіздігін жойып, қанаттандыру. Оны жүзеге асыру үшін баланы шынайы жақсы көру керек. Логопед, дефектолог, психолог мамандықтарының маңыздылығын кеңінен насихаттау керек. Әсіресе, жастарға.
Психологтардың айтуынша, сау бала мүмкіндігі шектеулі баламен жастайынан бірге өссе, мектепке келгенде инклюзивті жүйе оңай жүзеге асады. Сондықтан мектеппен қатар, жүйенің балабақшада сапалы жұмыс істеуі маңызды.
АрайлымБӨРІБАЙҚЫЗЫ, «Шағбан» балабақшасының әдіскері:
– Мен М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжді бітірдім. Тіл мүкістігі бар балаларға арналған балабақша ашылғалы жатқанын естіп, жұмысқа орналасуға шешім қабылдадым. Тек тіл мүкістігі бар баламен емес, ауыр диагнозы бар балалармен жұмыс істедім. Әрине, үйренісу қиын болды. Себебі мұндай балаларды өмірімде көрмегенмін. Жүрегің ауырады. Дегенмен, уақыт өте ұжыммен біріге еңбектеніп, тәжірибе жинақтадым. Бүгінде балабақшада 175 бала тәрбиеленуде. Үш арнайы, төрт инклюзивті топ бар. Бізге тек қаладан емес, ауданнан да бала келеді. Алғашында түнгі ауысымда да жұмыс істейтінбіз. Себебі алыстан келген балалар қонатын. Бұл да бізді кәсіби тұрғыда шыңдай түсті. Ауру баламен қоса, оның ата-анасымен жұмыс істеу қиын. Себебі баланың жағдайы ата-анасының белсенділігіне байланысты. Бала оңалып кету үшін істелетін жұмыстың 80 пайызын ата-ана үйде жүзеге асыру керек. Баласының сауығып кетуіне ата-ана сенімді болған жағдайда ғана нәтиже болады.
Осы орайда, Томас Эдисонның оқиғасы еске түседі. Бір бала мектептен келіп, ұстазы берген хатты анасына ұсынады. Ол мектепке барғалы небәрі үш ай өткен. Хатты оқып, анасы жылайды. Сосын баласына хатты дауыстап оқып береді: «Сіздің балаңыз өте дарынды. Біздің мұғалімдердің арасында оның қабілетіне сай білім беретін ешкім қалмады. Сіз енді балаңызды өзіңіз оқытыңыз!» деп жазылыпты. Кейін есейіп, анасы қайтыс болған соң бала бір құжат іздеп, әлгі хатты тауып алады. Ашады да қайта оқиды: «Сіздің балаңыздың ақыл-есі кем. Біз оны оқыта алмаймыз». Хаттың шын мәтінін оқып, ол бірнеше сағат тоқтаусыз жылайды. Сосын күнделігіне: «Томас Эдисон ақыл-есі кем бала болған. Бірақ қаһарман анасының арқасында өз дәуірінің ең атақты ғұламасы атанды», деп жазған екен.
Ресми дерекке сенсек, Қазақстанда 150 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ғалымдардың айтуынша, дамуы шектелген бала ерекше қабілетті болады. Тек ата-ана оған сеніп, бағыт берсе болғаны.
Ардақ БИГЕЛДИНОВА, жас ана:
– Қызымның жасы 5-те. Балабақшаға келмей тұрып, мүлде сөйлемейтін. Қазалыда тұрдық. Бірақ қызым осы балабақшаға келу үшін Қызылордаға көштік. Инклюзивті білім жүйесінің нәтижесі бар. Себебі қызым сау балалардың қасына қосылып, «ата, әже» деп сөйлей бастады.
Инклюзивті білім беруде баланың дамуы үшін түрлі ойындар, әдістемелік құралдар қолданылады. №50 «Жұлдыз» балабақшасының логопеді Әлия Кулакаеваның айтуынша, олар көбіне орыс ғалымдарының әдістемелік құралдарын пайдаланады.Себебі біздің менталитетке сәйкес қазақ тілді әдебиеттер жоқтың қасы. Сондықтан дефектология саласына байланысты қазақ тілді кітаптар жазу, аудио-видео әдістемелігін әзірлеу, оқу орындарын арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мемлекеттік қолдауды қажет етеді.
Сөз соңы: Англияда баланың мүгедек жанға деген көзқарасы өзгеше. Себебі олар мектепте және балабақшада мүмкіндігі шектеулі балаға ұқсайтын қуыршақпен ойнайды. Бізге жетіспейтіні осы. Теңіз тамшыдан құралғандай, ауқымды жүйенің жемісті болуы әрқайсымыздың тарапымыздан жасалатын осындай ұсақ амалдарға байланысты болмақ.
Әсел БЕГМАН
02 наурыз 2018 ж. 1 632 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031