» » Ат тергейтін жеңгем-ау...

Ат тергейтін жеңгем-ау...

    Халқымызда үлкенді сыйлау, кішіні құрметттеу жолында тәрбиелік маңызға ие салт-дәстүр жетерлік. Соның бірі – ат тергеу. Ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтыны да осыдан. Әйел-аналарымыздың келін боп түскен уақытынан бастап, бұ дүниеден көшкенше атасы мен енесінің, қайынаға мен қайны, кайынапа мен қайынсіңлісін өз атымен атамай, лайықты есім қоя білуі – адам сыйлай білетінінің, кішіпейілділік пен ізеттіліктің, көргенділіктің ең биік көрінісі деп айтсақ артық емес.
– Балам, атам аттастың үйіндегі келін ауырып қапты. Барып көріп келмесем болмас, – деді дәрігер болып істейтін менің шешем. Бірден түсіндім, ауылдағы  Жалғастың келіншегінің айы-күні жетіп отырған. Енді бірде  менен бақандай бес жас кіші, көрші Жалғас бала келсе де, «Жәкем, халің қалай, жоғарыла», – деп дастарханға шақырар еді. Бұл жерде Жалғас деп отырғаным әулет үлкені, шешемнің қайын атасы.
– Келін аяқ-қолын бауырына ап, «бәлінсәдан» шығыпты, сол үйге кеттім, – деді бірде жеңгем босанып келген  жақын келінінің жағдайын білуге аттанарда.  
– Қай келін еді ол? – деді ағам түкке түсінбей
– «Кәсемсот» қайнымның үйіндегі. Мұндайда қай қайнысы екенін өзің де білесің. К-700 тракторын айдайтын Айбекті айтып отыр...
Қазір елде ат тергеу бар ма? Қаймағы бұзылмаған ауыл жұртында да заман  құндылықтары қат-қабат ауысып, уақыт алға жылжыған сайын біраз тәрбие мен дәстүрді ұмыттырып жіберді. Қайнысы мен қайынсіңлісінен бөлек, қайынаға-абысынды сыртынан дүңк еткізіп, атын атап, көзбе-көз көргенде «аға-жеңге» деуден аспайтын келінің мен жас жеңгелерің толып-ақ жүр. Бәріне бірдей жала жабуға болмас. Салт-сананы бойына меңгерген кей жеңгелер толық болмаса да, бұрынғының ізімен «ерке бала», «мырза жігіт», «төрем», «ақылдым», «еркежан», «мырзаға»  т.б. теңеулер тауып, дәстүрді түгендеп жүр. Әйткенмен, көп жеңгелер «әй, қыз» бен «әй, сен бала» деген қаратпа сөзбен-ақ діңкеңді құртып тұр. Әзілдеп немесе бұрмалап болса да ат қоюда кей ауылдық жерде болмаса, қалалық жеңгелерді бұл жағынан сөге де алмайсыз. Үлкеніне сіз деп сызылып, бастысы, атын атамаса болды, «ат тергеу» деген ата салттан алыстау жүргені көп
Айтпақшы, алыстан мені көрсе жасы үлкен болса да, жолымды кеспей, күтіп тұратын жеңгелерім жоқ емес. Иінағашпен су толы шелек иығына батса да тапжылмай тұрады. Қияңқылыққа басып, жай жүрсең де, сол орнынан қозғалмайтын. Балалықпен бұнысы несі дейтін едім, кейін ойласам, елдегі дәстүрге сай, келешек шаңырақ иесі, апталдай азамат деп арқа тұтып, алдымнан кесе өтпеуінің өзінде  мағыналы тәрбие тұнып тұр екен ғой.
Үлгі алуға болатын ұятты жеңгелер жоқ емес деп жоғарыда айттым. Бірақ аз.  Дәстүрі мен салтын өз шама-шарқынша ұстап, жан-жағына шуақ төгер жеңге де, жеңге болуға асығып жүрген кей бойжеткен де ата салтты ардақтаса, ұлт құндылықтыңың ұлғайғаны,  тәрбиенің тасада қалмағаны деп білеміз.
Ержан Қожас
26 сәуір 2018 ж. 1 653 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031