» » КЕЛІМСЕК ФУТБОЛШЫЛАР КЕРЕК ПЕ?

КЕЛІМСЕК ФУТБОЛШЫЛАР КЕРЕК ПЕ?

Футболдан Қазақстан Премьер лигасында ойнап жүрген 100-ге жуық легионер бар екен. Осы шетелдік ойыншылардың ойын мәнеріне көптің көңілі тола ма? Жалпы біздің біріншілікке легионер қажет пе? Бұл туралы қоғам не дейді?

Әділжан ҮМБЕТ,
«Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы:
– Қазір елімізде футбол клубтары алыс-жақын шетелден легионерлерді аттай қалап шақыратын болды. Жасыл алаң төріндегі сол жігіттер талап үдесінен қаншалықты шыға алады? Бұл сауалды жиі қозғап жүргеніміз белгілі. Олар тектен-текке келмейді. Қыруар қаржыға бола біздің елімізге табан тірейді. Ал олардың шеберлік деңгейі қалай? Ашығын айтайық, олардың кейбірі көңілден шыға бермейтіні тағы бар. Сол сәтте «қаншама қаржы шығын болды-ау» деп қоямыз.
Менің ойымша, сырттан келген ойыншылар талаптарға сай болуы тиіс. Жасыл алаң төрінде көсіле шеберлігін көрсете алмаса, оларды неге алыстан шақырып әуре боламыз? Одан гөрі өз таланттарымызға жол ашқанымыз дұрыс емес пе? Бұл бізді ойландырады.
Рас, шетелде легионерлерге үлкен сенім артады. Әлемнің маңдайалды командаларында таңдай қағатын талантты тарландар доп тебетіні белгілі. Алайда, ол командалардың барлығы жеке адамдардың қолында. Қалталы кәсіпкерлер мен компаниялар өз атын шығару мақсатында оларды шақырып алып жатады. Сол сенімді ақтау үшін әлгі таланттар да бар күшін салады. Ал біздің еліміздегі клубтардың барлығы мемлекет қаржысы есебінен күн көреді. Сондықтан елдің қаржысымен доп теуіп жүрген командалар келімсектер мәселесінде жүрдім-бардым көзқарас танытпауы тиіс.
Айбек ҚАБЫЛША, футбол жанашыры:
– Бүгінгі футболды легионерлерсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан Қазақ жерінде доп теуіп жүрген шетелдік ойыншыларға шектеу қою
қателік болар еді. Бірақ бізде қалай?! Легионер шақырып жатырмыз дейді де, кəрі құрлыққа қажетсіз, өркениетті елдерге өтпей қалған келімсектерді топ-тобымен командаға алады. Ондай ортанқол ойыншылар өз ортамызда өріп жүрсе де... Тек «ауылдағының аузы сасық» деген секілді, біздің елдің жігіттерін жақындатқысы келмейді. Бəлкім клуб басшылығының ішке бір бүккені, құпия-сырлары бар шығар деймін. Қанша дегенмен қомақты қаржы, миллиондаған ақша жүрген жерлерде үлес пен бөліс, алыс-беріс болуы да мүмкін ғой. Мұны ешкім жоққа шығармайды да. Бар деп дəлелдей де алмайсың. Дұрысы, дəлелдейтін дерек көздеріне сіз бен бізді жеткізбейді. Сондықтан алаңда адасып, аяғына шатасып жүрген легионерлер мен қосалқы құрамда отырса да қалтасы қампая беретін шетелдіктерге таңғалмайтын да болдық қазір. Жалпыға бірдей топырақ шашқым келмейді. Себебі "тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек" дегендей легионерлердің арасында да алған ақшасын ақтайтын, мықты деп жұрт мақтайтын, жанкүйерлері жақтайтын саңлақтар баршылық. Бірақ олар аз. Тым аз! Негізі санға емес сапаға жұмыс жасайтын кез әлдеқашан келген еді?! Бірақ оны түгеліміз түйсініп, іс-жүзінде көреміз дегенше өмір де өтіп барады. Өзгелер озғанда, өзіміздікілер тозбас үшін сізге де, бізге де төзімнен бұрын, табандылық керек. Қазақ футболына бөлінген миллиардтар қайда кетіп жатыр, алаңда кім жүр? Жаттықтырушы деп шақырғанымыз бапкер ме, айлакер ме осыны анықтамайынша қасқайып тұрып алатын болсақ, талап қоя білсек, ол талаптарды орындата білсек қана нәтиже болады. Əйтпесе бəрі бекер. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, легионерлерді шақырту керек. Егер ол осы елдегі жігітерден деңгейі анағұрлым жоғары болатын болса. Ал, допты қисық тебетін, тегіс жерде сүрінетін, доптан құтылғанша асығып, алдынан бір қорғаушы шыққан сәтте тізесі дірілдейтін "доп тепкіштер" өзімізде де бар. Оны өзгерту үшін ҚФФ басшылығына келген шенді-шекпенділер, ҚПЛ клубтарының тізгінін ұстағандар құлқынның ғана құлы болмай, қазақ футболының дамуына өз үлесімді қосамын, тарихта есімім алтын əріптермен жазылу керек деген қағидатпен өмір сүру қажет. Әйтпесе газет беттеріндегі əріптер мен бағдарламалар барысындағы байбаламнан ештеңе өнбейді. Ал, әлеуметтік желідегі əлеуметтің əуселесі онсыз да белгілі. Әлсіз...
Айбар РЫСДӘУЛЕТ, "Вести кз" сайтының журналисі:
– Ел біріншілігінде өнер көрсететін әрбір команданың сапында 7-8-ден шетелдік футболшы бар. Деңгейі жағынан көбі сын көтермейді. Тек "Астана" мен "Қайраттың" легионерлері өзінің "легионер" деген атына сай. Қалған командаларда жергілікті футболшылар мен шетелдік ойыншылардың деңгейі бірдей-ақ. Ақшаны Ресейдің, Украинаның, жақын шетелдің екінші сортты футболшыларына шашқанша, "Астана" секілді алыс шетелден жас әрі болашағынан үміт күттіретін футболшыларды алған жөн. Артынша оларды Еуропа клубтарына сатып, ақша жасайды. Жалпы, біздің командаларға төмен деңгейлі легионерлерге құр ақша шашқанша, табыс түсіруді үйрену қажет.
Ал, легионерлер керек пе деген сұраққа келер болсақ, әрине, керек. Дәл қазіргі сәтте біздің чемпионатты шетелдік футболшыларсыз елестету қиын. Жоғары деңгейде ойнай алатын жергілікті ойыншылардың саны санаулы ғана. Енді өсіп келе жатқан өрендер Исаэль, Аршавин, Твумаси секілді аға буынға қарап өседі. Сондай-ақ өзіміздің футболшылардың да легионерлерден үйренері көп.
Тағы бір мәселе біздің клубтар легионерлердің арқасында жақсы өнер көрсетіп жүр. "Астананың" өзін алар болсақ, еуро додада негізгі құрамда ойнаған футболшылардың 80 пайызын шетелдіктер құрады. Осыған қарап-ақ, біздің біріншілікке легионерлер қажет екені түсінікті. Маевский, Твумаси, Томасовтың орнын басар қазақ футболшылары шыққан кезде ғана бізге легионерлер қажет емес деуге болады. Ал, әзірге бұл мүмкін емес.
Есбол ҚАРАҒҰЛ, спорт журналисі:
– Біздің чемпионат техникалық ойыннан гөрі физикалық күшті көп қажет етеді. Сондықтан кей легионерлер біздің біріншілікке үйренісе
алмай жатады. Себебі, заманауи футбол дәл осы техникалық негізге сүйенген. Олардың үйренісіп, адаптация жасауы үшін біршама уақыт қажет. Мәселен, астаналық Марин Томасов. Өткен маусымда біршама жанкүйерлер оның ойын мәнеріне көңілдері толмай, пайдасыз деп, дәл осы трансферге наразылық білдірген еді. Ал, қазір бұл ойыншыдан асқан ел чемпионатында мықты ойыншы жоқ. 5 турдың нәтижесі бойынша, еншісінде 9 ұпайы бар. 2 гол және 7 нәтижелі пас. Сондықтан біздегі легионерлерге ҚПЛ-ға бейімделу үшін уақыт қажет. Одан бөлек, жасыл алаңның сапасы да бізде сын көтермейді. Жасанды төсеніште доп тебу де мүлдем бөлек. Осы факторлар легионерлерге әсер етеді. Оларды да түсінуге болады. Көңіліміз толатындай өнер көрсету үшін уақыт берген жөн. Сондай-ақ, инфрақұрылым жағын дамытпайынша, құр легионерлердің шапқылауы  пайда әкелмейді. Легионерлер қажет. Бірақ сапалы әрі жас ойыншыларды тарту қажет. Бізде осы жағы ақсап тұр. Әр клубта селекция қызметін атқаратын мамандар көңіл көншітпейді. Ресей, Украин, Белорусь, т.б елдердегі жастары егде тартқан, ешкімге керек емес ойыншылар біздің біріншілікке жиналады. Тіпті мардымсыз ойын көрсетсе де, қаражатты 2-3 есе көп алып, елдеріне тайып тұрады. Бұған кім кінәлі? Неліктен деңгейі төмен, әрі жасы келген ойыншыларға сонша қаражат жұмсау қажет? Соны ойлайтын ешкім жоқ. Кәсіби селекция мамандарын жұмысқа тарту қажет. Сонда ғана «екінші, үшінші сортты» легионерлерден арылуға болады. Африка, Оңтүстік Америка елдерінен жас, әрі жігері тасып тұрған жас ойыншыларды тартып, келешекте Еуропаға жақсы сомаға жіберетіндей деңгейге жетсе екен. Ақша бар, бірақ қалай
жұмсарын білмейді бізде.
Руслан МЕДЕЛБЕК "Азаттық радио" ақпарат порталының журналисі:
Шетелдік футболшылар болмағанда қазақ футболы дамымайды. Сондықтан легионерлерге көп жалақы алады деп жаман көзқараспен қараудың қажеті шамалы. Себебі бұл – футбол нарығы. Мұндай жайт тек қазақ футболына тән қасиет емес. Бұл жағдайға Қазақстан шектеу қоя алмайды. Шетелдік ойыншылар болмағанда "Астананың" әлемдік аренаға шығуға мүмкіндігі болмаушы еді. Сонымен қатар Қазақстан біріншілігі біраз жанкүйерін жоғалтады. Сондай-ақ деңгейі жоғары легионерлерге азаматтық беріп, ұлттық құрама сапына шақырса әбестік болмайды.


Пікірлерді топтастырған:
Ерасыл ШӘРІБЕК
26 сәуір 2018 ж. 972 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031