КЕНЕ ШАҒЫП АЛҒАНДА НЕ ІСТЕЙСІЗ?
Маман мінбері
Кене шаққанда алдымен дәрігерге жүгінген дұрыс. Бізде арнайы кене алатын құрал бар. Ол тиквестер деп аталады. Соның көмегімен кене алу ыңғайлы. Кене шаққан адам аймақтық дәрігер мен аяжанның бақылауында 14 күн болады.
Кенелердің шабуылынан жеке қорғану үшін қалпақты комбинезон кию, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу және резеңкелі манжетті жеңі бар көйлек кию керек. Саяхатшылар және балалар табиғатқа демалысқа шыққан кезде кененің жабысқаны көрінетін жақсы қорғалған киім, аяқ киім, бас киім, ұзын жеңді көйлек кию қажет. Дененің ашық жеріне және киімге кенелерді қорқытатын немесе өлтіретін құралдарды қолданған дұрыс. Киімге, сондай-ақ денеге жабысқан кенені анықтау үшін тексеру қажет. Көбіне кенелер терінің бүгілген аймақтарын: мойын, қолтық, тізе асты, сонымен қатар шаш аймағын шағуға құмар. Қыдырыстан кейін осы жерлерді мұқият тексеріңіз. Кенелерден қорғайтын кремдер мен спрейлерді пайдаланыңыз. Денсаулығыңызға қатты алаңдасаңыз, кене энцефалитіне қарсы екпе жасасаңыз болады. Әдетте жоспарлы вакцинация қыс мезгілінің басында жасалады.
Қарапайым қысқашпен өзіңіздің теріңізге мүмкіндігінше жақынырақ кенені ұстап алыңыз. Қысқашты қатты қыспай (кенені езіп алмас үшін), абайлап және ұқыпты, теңселтпей, жұлқыламай тартыңыз. Кене алынған жерді спирт немесе йодпен сүртіңіз. Алынған кенені ыдысқа салып, оны қақпақпен тығыз жабыңыз. Жаншылған кененің қаны арқылы қауіпті инфекция жұқтырмас үшін міндетті түрде жеке қорғау құралдарын пайдаланыңыз.
Жәмила Аманқызы,
дәрігер инфекционист