» » СЫНДАРЛЫ СӘТТЕГІ ҰЙЫМШЫЛДЫҚ НӘТИЖЕСІ

СЫНДАРЛЫ СӘТТЕГІ ҰЙЫМШЫЛДЫҚ НӘТИЖЕСІ

  Сырдария өзенінде биыл 26 ақпаннан 1 сәуірге дейін сең жүрді. Сындарлы сәтті аймағымыз аса көп шығынсыз өткізді. Көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындысына арналған мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді.
Мәжіліс басталмас бұрын қауіпті сейілтуде қажетті техника мен адам күшін жұмылдыру арқылы халық алдындағы міндетін абыроймен атқарған азаматтарды аймақ басшысы алғыс хаттарымен марапаттады. Одан кейін жауапты сала басшылары Сыр өңірінің өткен көктем мен қыстан қалай шыққаны, алдағы маусымға әзірлік жөнінде баяндап берді.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаев мәлімдегендей, былтыр қараша-желтоқсан айларында өзен арнасындағы мұз қату процесі солтүстік аудандардан басталып, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағына дейін жалғасты. Қызылорда қаласы мен аудандарда қажетті материалдық-техникалық қор жасақталып, азаматтық қорғау қызмет түрлері күшейтілген режимде жұмыс істеді.
– Су басу аймақтарындағы өзен арнасы қауіпті 56 учаскеге бөлініп, 460-қа жуық техника мен 2 мыңға тарта адамды қамтыған 172 жауапты мекеме бекітілді. Шұғыл қажеттілік үшін бөлінген 2 тікұшақпен өзен бойына мониторинг жүргізіліп тұрды. Қала және аудан әкімдіктері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды, – деді Ғ.Жаңабаев.
Мұздың ұстасу және жүру жағдайлары айтарлықтай шығынға ұшыратпаса да, біршама жұртты әбігерге салғанын жасыра алмаймыз. 28 желтоқсанда су деңгейі көтеріліп, дарияның ескі арнасы толғаннан облыс орталығындағы ПМК-29, Аэропорт саяжайларындағы 45 үйдің ауласына су жайылды. Жауапты мекемелер каналдың жағалауын топырақпен бөгеді. Одан бөлек, мал бағумен айналысатын шаруа қожалықтарына да су жайылып, малдар мен олардың иелері қауіпсіз жерлерге көшірілді. Облыстық және республикалық бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласы шегінде қорғаныс бөгетін салу және реконструкциялау жұмысының нәтижесінде жаңа құрылыс нысандарында қауіпті жағдай тіркелген жоқ.
Мұз көбесінің сөгілуі Сырдария ауданының Қалжан ахун елді мекенінің тұсында су тасқыны қаупін туғызады деп ешкім ойламаған. Бұл ауыл жоғарыда аталған 56 учаскенің қатарында да болмаған. Алайда апат айтып келмейтінін тағы бір дәлелдеді. Осы маңдағы қорғаныс бөгеті 10 жерден жарылып, 2 300 гектар ауыл шаруашылығы жерлеріне, оның ішінде 700 гектар күріш алқабына залалы тиді. Іле-шала аудан әкімдігі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Қорғаныс бөгеті дереу нығайтылып, 10 аймағы толықтай жабылды.
Ал ақпанның аяғына таман Сырдарияда сең жүре бастады. Осы аралықта Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласының аумақтары тыныштық күйінде болды. Тек 21 наурыз күні Қармақшы ауданының Қызылтам, Далдабай елді мекендерінің тұсындағы көпір мен жолды су басты. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының өкілі мұның себебін су шаруашылығының мамандарына тіреді. Өйткені олардың айтуымен Қараөзекке секундына 350 текше метр су алу мүмкіндігі бола тұра, 25 текше метр көлемінде су алынған.
– Ең күрделі жағдай 27-28 наурыз күндері Қазалыда қалыптасты. Мұздың қалың болуынан мұз кептеліп, қорғаныс бөгеттерінен су мөлшерінен асып ағып, «Шағала» балалар лагерінің аумағын су басты. Шұғыл шаралардың қабылдануы нәтижесінде елді мекендерді су басу қаупі жойылды, – деді Ғ.Жаңабаев.
Өзен суынан бөлек, биыл күннің күрт жылынуы кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Қардың еруі, оған қоса жаңбырдың толассыз жаууынан Арал қаласындағы көшелерге су толды. Жергілікті мекемелер қанша жерден суды сорып тазалағанымен, арнайы техникалардың жеткіліксіздігі қолбайлау болған. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы осы орайда мотолампа сатып алу үшін Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері қаржы бөлуі қажет екенін назарға салды.
Облыс аумағынан мұзды өткізу шараларына азаматтық қорғау және авариялық құтқару қызметтері көп күш жұмсады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов құтқарушылардың жұмысына аз-кем тоқталды.
– Департамент қызметкерлері су басу қаупі бар 56 елді мекендегі 180 мыңға жуық тұрғынға үгіт-насихат шараларын жүргізді. 35 мыңға тарта тұрғын үй мен 250 мыңға жуық үй жануарын, 300-ден астам шаруа қожалығының иелігіндегі 78 мыңдай малды есепке алды. Қауіптің алдын алуға облыс бойынша 1 000-нан астам адам, 360 шақты техника, сондай-ақ су соратын құралдар мен 2 тікұшақ дайын болды, – деді О.Бержанов.
Облыс әкімі су тасқыны мен су тапшылығы кезіндегі су қоймаларының маңызын айрықша атап өтті. Соның ішінде 600 мың текше метр су сыятын Күміскеткен су қоймасының құрылысын көпке созбай бастап, 2019 жылы пайдалануға беру туралы тапсырма жүктеді.
– Биылғы мұз жүру жағдайын аса көп шығынсыз өткіздік деп отырмыз. Бұл Сырдария өзенінің бойындағы су шаруашылығы нысандарында атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесі десек болады. Алайда, босаңсуға болмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз қажет, – деді аймақ басшысы.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
23 сәуір 2018 ж. 724 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031