Шиеліде соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу - қанымызға сіңген үрдіс. Әрі мұндай өнегелі қадамның ұрпақ тәрбиесіне де тигізетін әсері мол. Бүгін аудан әкімі Әшім Оразбекұлы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің отбасыларына барып, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Ең алдымен Жолбаев Айдардың отбасына барған аудан басшысы тоқсан сегіз жастағы соғыс ардагеріне облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Мұнан соң Байжанов Сәрсенбектің шаңырағына барып, облыс әкімінің құттықтауын тарту етті. Келесі кезекте Нәрікбаев Бұғыбай ардагердің отбасымен қауышып, сый құрметін білдірді.
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбек үлгісін көрсеткен құрметті ардагерлер Ізтілеуов Серғара және Кенебеков Үсенбек ардагерлерге құттықтау хат тапсырып, сый-сияпат көрсетті.
Құрметке бөленген соғыс және тыл ардагерлері аудан басшыларына ризашылықтарын айтып, ынтымағы жарасқан елдің алар асуы мол екендігіне сенім білдірді.