АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл. Бәрімізге белгілі, мыңдаған шаңыраққа орны толмас қайғы әкеліп, қасіретке душар еткен соғысқа елімізден көптеген сарбаздар қатысты. Бүгінде Сырдария ауданында Ауған соғысына қатысқан 19 ардагер тұрады. Жылдағы дәстүрге сай ауданда биыл да ардагерлерге құрмет көрсету, ерліктерін өзгелерге үлгі ету мақсатында іс-шаралар өткізілді. Соның бір парасы ретінде бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Балшекер Өтегенова Ауған соғысының ардагерлерін қабылдап, құрмет көрсетті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен іс-шараға ардагерлермен бірге, үкіметтік емес ұйым төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Салтанатты қабылдауда аудан әкімінің міндетін атқарушы Балшекер Сұлтанбекқызы ардагерлердің ерліктеріне тоқталып, отбасыларына бақ-береке тіледі. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы сөз сөйлеп, Ауғанстандағы қырғынды көзбен көрген сарбаздардың барлығы жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті. Өз кезегінде Ауған соғысы ардагерлерінің атынан Ж.Нарымбетов атқарушы билік өкілдеріне құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді.