» » БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БІЗДІҢ БАСЫЛЫМДЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БІЗДІҢ БАСЫЛЫМДЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

Ақпарат кеңістігінде – «Ақмешіт жастары»
  Жастар газетінің 5 жылдығына орай барлық аудан орталықтарында кездесулер өткіздік. Редакция ұжымы мен ел жастарының кездесуінде талай ұтымты ұсыныстар, пайымды пікірлер айтылды.  Жүздесулерден алған әсеріміз бөлек. Әсіресе, жұлдызды қала – Байқоңыр сапары ерекше есте қалды. 
Қалаға кіруге рұқсат алу үшін кемінде бір жұма бұрын өтініш тапсыруы керек екен. Нақты келу мақсатына қарай екі-үш күнге, тіпті бір айға дейін мерзімдік рұқсат береді.
Байқоңыр қаласының солтүстігі мен батысы дуалмен қоршалған, ал шығысы мен оңтүстігін Сырдария өзені бөліп тұр. Қалаға кірерде Ресейдің үш жердегі тексеріп-өткізу бекетінің бірінен өтесіз. Айтпақшы, бекеттен өте бергенімізде әскери киім киген екі қазақ жігіті қарсы алды. Бізді алып келе жатқан көлік тізгініндегі кісі жас жігіттердің орысша қойылған сұрағына қазақша жауап беріп еді, екеуінің қабағы түйіліп кетті. «Что?» деп дігерлеп қояр емес. Қызылорда да ұлты өзге ағайындардың да қазақша сөйлейтінін көріп өскен бізге бұл ерсі көрінгені рас.
       «Жұлдызды қалада» шамамен 75 мың, оның іргесіндегі Төретам мен Ақай ауылдарында ұзын саны 30 мыңдай адам тұрады. Әлем бойынша жер бетіндегі ең ірі ғылыми-ғарыш полигоны саналатын қала «Байқоңыр ғарыш айлағы» кешенімен бірге жалпы ауданы 6717 шаршы шақырым аумақты алып жатыр.  Тұрғындардың барлығы дерлік ғарыш айлағында жұмыс істейді.  
  ҚАЛПЫ БӨЛЕК ҚАЛАШЫҚ
Қалпы бөлек дейтініміз бұрын Ленинск, тоқсаныншы жылдардан бері Байқоңыр атанған шаһар көшелері Ресей қаласын еске түсіретіндей. Білетіндер Кеңес Одағы кезінде  қала туралы дерек барынша құпия сақталып, маңайындағы тұрғындар үшін оған кіріп-шығу мүмкін болмағанын айтады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін екі арадағы қарым-қатынас қайта қаралды. Қазір Байқоңырда ресейліктермен қатар қазақстандық мекемелер жұмыс істейді.
Әйтсе де жақсы тұрмыс кешу үшін Ресей азаматы атанғысы келетіндер де көп екен. Ондайлар біздің қандастарымыздың арасынан да байқалып қалады. Тоқсаныншы жылдары Ресей азаматтығын алу оңай болыпты.  Ресей азаматтығын алған байқоңырлық Мәскеу облысынан жер немесе үймен қамтылуға құқылы. Осыдан да қазір азаматтық алу қиындаса да көп қандас осы жеңілдіктен үмітті. Кейбірі Ресей азаматы атану арқылы оларға берілетін қомақты жәрдемақылар мен жөргекпұлға ие болғысы келеді. Оның үстіне оларға жұмыс табу да, төленетін жалақы да көбірек.
БАЙҚОҢЫРДЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
         1994 жылдан бастап Ресейдің Қазақстанға жыл сайын төлемі 115 млн. АҚШ доллары болып белгіленген. Мұның ішіне табиғатты пайдалану төлемі де қосылған. Бірақ қоршаған ортаны қорғау қорына одан бір тиын да түспей отыр. Оның үстіне Байқоңыр қаласының 70
мыңнан астам тұрғынын толық түрде қамту қызметі де көп шығын әкеледі. Яғни, білім беру, емдеу, қала инфрақұрылымын дамыту керек. Осыдан да соңғы жылдары біздің облыс басшылығының ұсынысымен бірқатар әлеуметтік нысан салынды. Ресей және Қазақстан үкіметаралық комиссиясы қаланы бірге дамыту жөнінде келісімдер жасасқан.
Аймақ басшылығының бастамасымен байқоңырлық балаларды «Отанымыз – Ресей, президентіміз – Путин» деп оқытатын қазақ мектептері қазақстандық бағдарламамен білім беруге көшті. Бұл қолдау жұлдызды қаладағы жергілікті жұртты, әсіресе жастарды жігерлендіре түсті. 
ЖАСТАР ДЕМЕКШІ...
Байқоңыр қаласындағы жастардың жалпы саны 16626. Жұмыссыз жастар саны – 226. 1839  жас  жоғары  білім алуда. Сыртта білім алып жатқандар да бар.
  • Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен және "Сыр медиа" ЖШС қолдауымен редакция ұжымының қала жастарымен кездесуінде  көп мәселе айтылды. «Ақпарат кеңістігіндегі – «Ақмешіт жастары» тақырыбындағы шарада байқоңырлық жастар біраз ұсыныс көтерді. Басылымның бағыты, бет-бедері жайлы да пікірлерін білдірді. 
  • Индира Қабатова, Байқоңыр қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
«Ақмешіт жастары» жастарға арналған облыс көлеміндегі бірден бір басылым. Мінекей, биыл басылымға 5 жыл толды. Ата-бабамыз «Өсем
деген жастың бетін қақпа, белін бу» деген өсиет қалдырған ғой.  Жастар басылымы да осы уақыт аралығында талай талапты жасты таныстырып, өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылуына үлес қосты. «Ақмешіт жастары» – өз ұстанымы мен бағыт-бағдарын айқындаған басылым. Маған газеттің жастар арасындағы жақсы бастамаларды,  белсенді жастар жетістіктерін жариялап, оларға дем беріп отырғаны ұнайды. Осының бəрі жастар басылымының журналистерінің ерен еңбектері мен біліктіліктері деп білемін. 
Түйін: Орыстардың «В гостях хорошо но дома лучше» деген мәтелінің мағынасын аударып жатудың қажеті жоқ шығар. Біз де сапарымызды түйіндеп, қада сыртына шыққанда бір еркін дем алдық.
Көщшелері жарқылға толы қалпы бөлек қалада өзімізді шетелде жүргендей сезіндік. Қызылордаға жеткенше асықтық. Шығып бара жатқанымызда қаланың сыртында орналасқан екі мұнаралы Жәрімбет Ата мешітіне көзіміз түсті. Сол кезде редакторымыз Айжан апай «Бүкіл қазақ халқы секілді Алла тағала да, Байқоңырдың жұртына сыртынан тілеулес болып тұр екен» деді.
Шынында да солай еді...
Ерхан АҚЫН
14 мамыр 2018 ж. 881 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031