Дауылпаз – дара аспап
Ұлттық аспап

Дауылпаз қазақтың ұрмалы аспаптар қатарына кіреді. Оны ұрып қана қолданғандықтан, кез келген күшке шыдас беру үшін тұрпаты қатты үйеңкі, қарағай, қайың секілді ағаштардан тұтас ойып жасаған. Дауылпаздың көлемі әрқалай болғанмен, оның жасалуы оңай шаруа емес. Біріншіден, ол жасалатын ағаштың тұлғасы да берік болуы шарт. Жарылып кетпес үшін өте ыждағатты шыдамдылық пен асқан шеберлікті талап еткен. Дауылпаздың ойылған бетіне әбден илеуі қанған теріні бекітеді. Салмағы қолға түспес үшін мойынға асып жүру үшін бау тағылып және дауысы анық әрі нық шығу үшін арнайы ұратын таяқ жасайды. Дауылпазды қолдануына қарай түрліше безендіреді. Хан сарайындағы дауылпаздар түрлі зергерлік әшекейлер мен алтын, асыл тастармен әдіптеледі. Дауылпазды пайдаланатын ортасына байланысты көлемін де әрқалай қылып жасайды. Ханның соғыс үшін қолданатын дауылпазы адам көтере алмас ауыр әрі өте үлкен болған. Оны орданың ортасына қойып, жанына дауылпазшыны сайлаған. Дауылпазды қыр-сырына қанық шеберлер ғана жасаған. «Қыз қуу», «арқан тарту», «қазақша күрес» т.б. ойындардың басталғаны мен аяқталғанын аңғарту үшін де дабыл орнына пайдаланған.
Алғаш дауылпазды қазақ халқының ұлттық оркестрінің қатарына енгізіп, елге көрсеткен – Ахмет Жұбанов. Дауылпаздың дамыған, ан нұсқасын шебер Д.Шоқпарұлы жасаған. Дауылпаз аспабын елге танытуда белгілі қолөнер шебері Қ.Қасымов пен танымал дирижер Ш.Қажығалиевтің еңбегі ұшан-теңіз.
Дауылпаз тек қазақ халқында ғана кездеспейді. Түбі бір түркі жұртында, оның ішінде өзбек пен қырғыз ағайынымызда тұрпаты дауылпазға келетін музыкалық мұралары бар. Атаулары да қазақтың дауылпазына ұқсайды. Өзбектер «тәбльбасс» десе, қырғыздар «доолбас» деп атайды.