» » Ән сабағы дегенде ән сабағы

Ән сабағы дегенде ән сабағы

  Демалысқа барған кезде үйдегі кішкентайларды жаныма жинап алғам. Бас-аяғы он шақты. Кішкентай дегендерімнің алды 4 сыныпты бітіргелі тұрса, аяғы 5 жаста. Бәрі туған-туыстың  «детилері». Бірі жиен, бірі ағамның баласы, нағашылар жақтан да жоқ емес. Ананы-мынаны сұрап, қызықтап, мәз болып отырғам. Арғы бөлмеден теледидар жақтан жиен қыздың қиғылық сап жылаған даусы шықты. Жетіп бардым.
– Не болды?
– «Балапан» көрем.  Жылаған күйі  сұқ саусағымен теледидарды көрсетті Қарасам «Гәкку» музыкалық арнасынан жалба шаш не еркек, не қыз екені дүдәмалдау бір топ шыңғыруда. Бажайлап қарасам, баяғы менің «нервімді» көтеретін «Найнти уан». Теледидар дауысын соншама көтеріп кеткеніне қарағанда нағашымның жоғары сыныпта оқитын қызы болу керек. Ойлағанымша болмады, арғы жақтан үйдегі осылардың тұрақты жанкүйері де келе қалды.
– Аға, тұра берсін. Күшті айтады емес па? Менде бұлардың соткамда барлық өлеңдері мен суреті бар, – деп танауы желбіреп әңгімесін төгіп келе жатқаны сол-ақ екен, қабағым түйіле бастаған мені көріп ары қарай сытыла жөнелді.
– «Найнти  уанды» жаттағанша, сабағыңды дұрыста, – дедім мен «Балапан»  каналына ауыстырып жатып.
– Аға, бұларды біздің сыныптағы қыздардың бәрі жақсы көреді, – деді ол да тым саспастан ана жақтан айқайлап...
Бүгінде құлағын тарс қып бітеп алған жас буын қазақтың нағыз әнін тыңдап жүр деп ойлайсыз ба? Бұл мәселе жалғыз біздің қазаққа ғана емес, алыс-жақын көрші мұсылман елдерге де үлкен жүк болып тұр. Негізінде жас ұрпақта кінә жоқ. Тәрбиені қоғамдық ортадан, интернеттен, теледидардан алатынын ескерсек, бұлардың бәрі де жеңіл әндермен жарылқап тұр әзірге. Мектепте әуез пәнінің бағдарламасына енген халық композиторларының әндерін толыққанды бала бойына сіңірді дегенге өз басым мүлде сенбеймін. Расын айту керек,  жастар халық музыкасын бойына сіңірмеген. Қайдан сіңірсін, ақпарат құралдары үздіксіз жеңіл әуенмен жетістіріп отырса. Кез келген бүгінгі буыннан сұраңызшы, халық әні немесе тұрмыс-салт жырлары, қазақ сазгерлерінің әндері дегенді ажыра ала ма екен? Ажыратады дегенге сену қиын. Ән тыңдап ойлануға, әр әнде тарих барына, сол ән туған кезеңді түсінуге, тіпті ән айту арқылы кейбір іштегі шердің жұбанатынын олар ұға бермейді. Тым жеңілге үйір. Көңілді, желік шақырғыш, жартылай қазақша, жартысы басқа тілде, әуендері ұқсас, қойыртпақ  әндер біздің төл музыкамызды төпелеп сыртқа шығарып келе жатқаны жасырын емес.
Тағы да айтам, мағынасыз, мысықтың мауыққанындай, иттің қыңсылауындай әндер өте көп. Жоғарыда айтқандай, теледидар мен радиодан бірен-саран болмаса, ұлттық нақыштағы әндер берілмейді. Ұлт музыкасын бала бойына сіңіретін бірден-бір орын мектеп еді, оны 8 сыныпта, жо-жоқ, қазір 6 сыныпта, бала енді оң-солын танығанда тоқтатып қойғанымыз тағы бар.
Айтпақшы, адамның көргені мен тыңдағанына қарай танымы да қалыптасады. «Әдемісің до того, көзің тоймайды» деп секеңдеп билеген жас ұрпақтың «зың-зың» деп зығырға тиіп, «эшкере» деп өзгеге әшкере болып  кетпесіне кім кепіл? «Самая вышка» деп сарнап жүріп, сан соғып қалмасақ болды.
Ержан ҚОЖАС
14 мамыр 2018 ж. 1 106 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031