Қызылорда облысының әкімі Астананың 20 жылдығына не сыйлайтынын айтты
Астананың 20 жылдығына орай ашық ғарыш музейі салынады. Оған 1,5 млрд теңге бөлінеді. Музейде ғарыш ракеталары орналасады. Жобаның құрылысы 1-шілдеде аяқталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Арал өңірін қалыпқа келтіру Елбасының бастамасы аясында жүзеге асырылды. Осындай маңызды бастаманы іске асырған Мемлекет басшысына алғыс білдіру ретінде облыстың депутаттары 1,5 млрд теңгені бөлейік деді. Мен «депутаттарға 1,5 млрд теңгені кәсіпкерлердің көмегімен жинауға мүмкіндік бар деп айттым. Бірақ, олар «бұл біздің жаңа Астанамызға деген құрметіміз, әрі Елбасыға деген алғысымыз» деді. Сондай шешім қабылданды. Осы үшін бізді ешкім сынамайтын шығар», - деді облыс әкімі брифингте.
Осы орайда ол жергілікті бюджеттен бөлінетін қомақты қаржыға Астананың 20 жылдығына орай жаңа ғарыш музейі салынатытын атап өтті.
«Осы қаржыға депутаттар елордада ашық музейді салайық деп өз ойларын айтты. Онда ғарыш техникалары орналасады. Сіздер әуежайдан қалаға бара жатқанда, оң жағыңызда «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі шарды көресіздер ғой. Ал енді сіздер сол жағыңызда, яғни Тұран көшесінің бойында ұзындығы 70 метр болатын музейді көресіздер. Онда «Союз», «Платон», «Энергия», «Зенит», «Боран» ракеталары орналасады. Сондай-ақ ол жерде адамдар қыдырып жүретін алаң салып, ақпараттық стендтер орнатамыз. Құдай қаласа жобаны 1-шілдеде бітіреміз», - деп түйіндеді сөзін Қырымбек Көшербаев.