Балаңызбен әлеуметтік желі арқылы тілдесесіз бе?
Ата-аналар үшін
Қазақ халқы «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаса керек. Себебі, жастардың отбасынан алған тәрбиесі сыртқа шыққанда немесе көпшілікпен араласқанда анық байқалады. Меніңше, әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі, мәдениетті болып өскенін қалайды. Балаға жас кезінен тәрбие беріп, түзу жолға бағытамаса, ата-анасы кейін бармақ тістеп қалуы мүмкін. Парасатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу ата-анаға байланысты.
Жаңа технологиялар дамыған заманда өмір сүріп жатқандықтан кез келген адам компьютерсіз немесе ұялы байланыс құралынсыз жүрмейді. Ұялы телефоны мен компьютері бар адам міндетті түрде әлеуметтік желіге кіреді. Әрине, пайдалы нәрселермен айналысып, ақпарат алмасса жақсы. Қазіргі уақытта интернетте бала санасана әсер ететін қаншама зиянды ойын, түрлі сайт пен бағдарламалар бар. Ойынның қызығына кірген бала үшін сабақ маңызды болмай қалады. «Вконтакте», «Инстаграм», «Фейсбук» т.б айтса таусылмайтын осы әлеуметтік желілердің жасөспірімдер үшін қайсысы пайдалы, қайсысы зиян екенін ажырату қиын. Бір білеріміз, балалар ұялы телефонды жастанып жататын жағдайға жетті. Ал мұның пайдасы мен зиянын ажырату үшін ата-ана мен мұғалімдердің білімі мен тәрбиесі өте маңызды.
Бүгінде әр отбасындағы ата-ана таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс істейді. Балаларымды қалай тамақтандырамын, ортасынан қайтсем кем қылмаймын деген ниетте жүреді. Ал баланың күні бойы не нәрсемен айналысатыны ата-ананың қадағалауынсыз қалады. Бұрын ер адам жұмыс істеп, анасы бала тәрбиесімен айналысса, қазір басқаша. Балаларының әлеуметтік желіге кіруін қадағалау үшін әрбір ана мен әке алдымен ғаламтор желісін өзі пайдаланып, әрдайым баласымен тығыз байланыста болу керек. Баланың парақшасына әрдайым кіріп, жазбаларына қарап, рухани дүниетанымын үнемі қадағалап, жиі әңгіме дүкен құру керек. Балаларын қадағалап, күнделікті тұрмыста интернетті дұрыс пайдалана білген адам үшін пайдасы да жетерлік. Атап айтар болсақ отырып-ақ интернетпен білім алу мүмкіндігіңіз де бар.
Шәкіртіне таңдауды өз еркіне берген ұстаз үшін оқушымен жұмыс істеу қиынға соқпайды. Оқушыны алға қарай ынталандырып, жігерлендіру өмірде таңдау жасауда немесе бір нәрсемен айналысуда және жұмыс жасау барысында қателікке бой алдырмауға септігін тигізеді. Қазір отбасында ала алмаған тәрбиені кез келген бала сырттан іздейді. Сырласатын дос іздеп, өзін түсініп тыңдайтын ата-ана мен ұстазға мұқтаж. Міне, сол кезде ата-ана бере алмаған тәрбиені мектептегі ұстаздар беру керек деп ойлаймын. Оқушының жат ағымға кіріп, өзге қадамға бармауына тосқауыл болу үшін ұстаздар қауымы ата-анадан кейінгі ақылшы болу керек. Мұғалім сабағын өмірмен байланыстыру керек. Сонда ғана оқушы қызығып, не нәрсені үйреніп жатқанына мән береді. Сонымен қатар баланың алдына мақсат қоя білуді жадына тоқыған жөн болар. Мақсат қоя білген адам әлеуметтік желінің ырқымен кетпейді. Себебі, ол алға қарай ұмтылуды, мақсатқа жетуді қалап тұрады. Балаларды мотивациялаудың жақсы тәсілдерінің бірі – мақсат қоюға мәжбүрлеу. Оқушыдан өзі қол жеткізгісі келетін бірнеше мақсат туралы ойлануын сұрау өте маңызды.
Ең алдымен, кімге болса да әрине ата-ана берген тәрбие сенімді. Содан кейінгі орында мектеп тәрбиесі. Бұл жерде әлеуметтік желілерді даттап, күйе жақпаймыз. Бірақ бұл нәрселердің торына түсіп, тұншығып қалудан аулақ болуға шақырамыз.
А.Жылқыбай,
Қызылорда облыстық жұмылдыру
дайындығы басқармасының
бөлім басшысы