ҰБТ-дан құтқару
Биылғы мектеп бітірушілердің Ұлттық Бірыңғай тестілеуден өтуіне 3 апта қалды. Олардың бойында күн санап үрей артып келе жатқаны анық. Өз кезегінде психолог Маргарита Өскембаева бала ҰБТ кезінде күйзеліске түспес үшін не істеу керегі жөнінде ата-аналарға кеңес берді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Психологтың сөзінше, бала күйзеліске түспес үшін, оған қатты қысым көрсетпей, көбірек демалдырған абзал.
«Қазір жаз мезгілі келді. Балаларды демалдыру керек. Күніне 8 сағат дайындалмай, дайындыққа 2-3 сағат бөлсе де жеткілікті болады. Сонымен қатар көбірек саябақтарға барып, көңіл көтеріп, балаға көңіл бөлген дұрыс.
Екіншіден мұғалімдерді балаларға қысым жасамауға шақырамын. Үшіншіден, балалар да өзіне ие болып, сенімді болуы тиіс. Себебі ата-аналары қолдап жатыр. Мұғалімдері де соншалықты қысым көрсетпейді деп ойлаймын. Төртіншіден, балалар бір-бірімен көбірек қарым-қатынасқа түсіп, көбірек талқылауы керек», – дейді психолог.
Сондай-ақ, Маргарита Өскембаева ата-аналарға баласының ҰБТ-да алған ұпайына қарамастан, оларға қолдау білдіруге кеңес берді.
«Өкінішке орай, кейбі балаларымыз ҰБТ қорытындысы шыққаннан кейін, түңілуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларына қолдау көрсетіп: «Қанша ұпай алсаң да, менің балам болып қаласың. Келешекте алдыңа басқа да талаптар қоюға болады. Тек емитиханмен өмір бітпейді. Болашақта жақсы жетістіктер болады», – деп, баласына сенім сыйлауы керек. Екіншіден мұғалімдер де балалардың бойында ҰБТ-мен өмір бітпейтіні туралы сенім қалыптастырса екен», – дейді психолог Маргарита Өскембаева.