ЖАЛШЫЛЫҚТАН ЖОМАРТ БАЙҒА АЙНАЛҒАН АДАМ
Бүгін – қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Тарихта тақыр кедейліктен мол дәулетке қол жеткізген табысты жандарға қатысты түрлі оқиғалар кездеседі. Көбіне оқып тамсанып жататынымыз әлемді мойындатқан шетел байыкештері. Ал, біздің төл тарихымызда мұндай адамдар бар ма? Неге біле бермейміз? Біздің түрлі дерек көздерінен түртіп алған бүгінгі мақаламыз осы олқылықтың орнын аз да болса толтыра алса нұр үстіне нұр.
Өз ауылдастарының ғана емес, қалың қыр қазағының тіршілік мұқтажын өтеген қажырлы қайраткер Бидахмет Бобкиннің есімі ХХ ғасыр басындағы ұлттық буржуазияның шоғырлы, әлеуетті тобының қатарында тұратыны сөзсіз. Зайсан өңірі қазақ даласының бір қиырында жатқан шалғай өлке әрі алпауыт Қытай елімен шекаралас аймақ. Бидахмет Бобкин 1867 жылы осы өмірге келген. Қаракесектің тұқымы Құнанбай әулетімен иық теңестірген ірі бай ретінде тарих бетінде қалған Бидахмет Бобкинді тарихшы, әдебиетші орта білсе де, қалың бұқара біле бермейтіні шын. Оның арғы аталарынан бері үзілмеген құтты дәулеті болмаған. Өз әке шешесі де орташа тұрмысты жандар болып өмір кешкен. Ата-анасынан жастай айырылған Бидахмет Бәтима деген қарындасы екеуі өз күндерін өздері көреді. Байлардың жалшылығында жүріп, ауыр жұмыстарға жегіледі. Тумысынан алғыр, зейінді пысық болып өскен бала Бидахмет қожайынның айтқан сөзін екі етпей, адал орындап, көзге түседі, сеніміне ие болады. Қызметіне риза болған қожайыны жүре келе оған түрлі жұмыстарды сеніп тапсырады. Өз ісіне адал ол аз уақытта өз қалтасына біраз қаржы қорын жинай бастайды. Бай, дәулетті кісінің есігінде күн кешкен жалшы жігіт пысықтығы мен зеректігі арқасында іскер жігітке айналады. Аз уақыт ішінде өз сауда үйі мен дүкенін ашып алады. Ісіне адал қарап, сауда жолында арамдыққа бой алдырмауды парыз санайды. Сол себепті өз ортасына да жақсы пікір қалыптастырады. «Аққа құдай жақ» деп, бойын менменшілдік пен тәкаппарлықтан таза ұстайды. Оның бойындағы осындай ізгі қасиеттерін білетін бай-бағландар айрықша бағалап, ерекше құрметтеген. Кәсібіне демеушілік жасап, көмек қолын созған. Сөйтіп, баяғы жалшы бала аз жылдар ішінде бағалы аң терісін өңдейтін сауда иесі болып шығады. Бұл саладағы алғашқы өндіріс ошағын ашқан да Бидахмет болса керек.
Сауда көрігі қыздырған Бобкин тек Зайсан өңірінде ғана емес, жыл сайын өтетін Ресей аймағындағы Нижгород жәрмеңкесіне қатысып отырады.
Ресейлік көпес Морозовпен тығыз іскерлік байланыс орнатады. Кәсіпкер Морозовтар Бобкиннен бағалы аң терісін сатып алатын. Ал, Бидахмет олардан ел тұрмысына қажетті тауарларды алып, ауыл-аймақтағы жоқ-жітіктің мұқтажына жаратқан. Тауарға қаржысы жетпеген жағдайда көпес Морозов оған сұраған затын еш кепілдіксіз қарызға беретін болған. Бұл – адал сенімнің күші. Бидахметтің адалдығына, іскерлігіне сенетін Морозовтар әулетінің осы әрекеті «саудада достық жоқ» деген таптаурын қағиданы жоққа шығарғандай. Араға жыл салып жәрмеңкеге келген Б.Бобкин қарызын ұмытпай, тіпті артығымен қайтаратын дағдысынан жаңылмапты.
Бидахмет сауданы баю жолына қойған саудагер емес-ті. Ол өз заманында Ислам парызын адал өтеген, зекет беруші, жомарт, сақи адам болған деседі. Қасиетті исламдағы бес парыздың бірі зекет таратушы адам ретінде қала жұртшылығы мен ауыл адамдары оны аса жақсы көрген. Осы әрекеті арқылы қарапайым халықтың ықыласына бөленген. Киім-кешек, азық-түлік, әртүрлі тұрмысқа қажетті заттарды ауыл кедейлеріне, қыр қазақтарына таратып отырған. Кей деректерде ауылдағы кедей-кепшіктің 23 баласын киіндіріп, тамақпен қамтамасыз еткен деп келтіріледі.
Бидахметтің Зайсандағы сауда үйі мен дүкенінде қыр қазақтары жұмыс істеген. Тек адал, сенімді, ұрлықтан, сұғанақтықтан таза жігіттерді жұмысқа алған. Оларға сауда жасаудың қыр-сырын үйреткен. Жиені Х.Бекмаханованың жазуынша, Әділхан, Жиенгелді, Файзрахман, Шаяхмет, Темеш сияқты адал туыстары ұрлық қылмай, Бобкинге шын, таза ниетпен қызмет етеді. Ал Бобкин олардың еңбегін бағалап, ақысын жоғары көтеріп, сыйақымен марапаттап отырған. Міне, осы қамқорлықтың арқасында олар да өз уақытында дәулетті өмір сүреді.
Осындай жақсылықтың жаршысы, мейірімді Бобкин еш жерде оқымаған, сауат ашпаған. Десе де, жасынан сауда жілігінің майын сорған жігіт орысша тіл сындырып, өз бетінше хат таныған. Саудаға қажетті ең қарапайым арифметикалық амалдарды меңгерген. Өзінің білім ала алмағанына өкініп, балаларының сауатты болуына көп көңіл бөлген. Оқудағы қыр қазақтары мен кедей балаларының білім алуына атсалысып, қаражат құйған. Ел ішінде, орталықтан шығатын ақпарат құралдарын қолдап, қаржы аударған. Сөзіміздің дәлелі ретінде «Айқап» журналының 1912 жылғы №14 санындағы «Зайсан қазақтары мектеп салуға қаржы жинау шараларын ұйымдастырды. Дәулетті кәсіпкер Бидахмет Бобкин бұл шараға 500 сом бөлді» деген сөздерді келтірсек те жеткілікті.
Білімге деген ынтызарлық Бидахмет байдың бойынан еш өшпеген. Семей өңірі бойынша алғашқы ұстаздардың бірі, өз заманының белгілі жазушысы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сынды алаштың ардақтыларымен аралас-құралас болған. Тайыр Жомартбаевты аттай қалап, Зайсан қаласына алдыруы оның осы білімқұмар ісінің бірі.
Халық басына, Алаштың зиялы қауымына келген зұлмат Б.Бобкинді де айналып өтпеді. 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Ворошиловград қаласына этаппен айдалып бара жатқан жолда қайтыс болады. Жиені Халима Адамқызының айтуынша, ол «Мен қайтыс болған соң, кедейлерге садақа беруді ұмытпа» деп өсиет қалдырыпты.
Асып-тасқан дәулетінің арқасында «атың барда желіп жүріп, жер таны» дегендей, Б.Бобкин Ресейдің Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Түмен секілді қалаларын аралап, тамашалаған. Сол сапарда өзімен бірге үлкен қызы Айшаны да ерте жүрген. Алғашқы некелі жары Халимадан Айша, Хадиша деген екі қыз көрген. Ал екінші әйелі, көпестің қызы Гүлсім Мусинадан – Құсайын, Әнуар, Нұрым, Талғат, Сара, Ғалия, Ғайния, Фатима атты сегіз перзентті болған.
Міне, бір сәт тарих қойнауына сүңгісек, талай арыстың халық үшін жасаған игі ісі теңіз түбінде жатқан маржандай жарқырап көрінеді.
Ақсәуле ӘБДІКЕР,
№211 орта мектептің
11 «ә» сынып оқушысы