» » ЖАТТЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАҒАН ҚАЗАҚТАР

ЖАТТЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАҒАН ҚАЗАҚТАР

   Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, жат жерде тұрып жатқан немесе жат елдің намысын қорғап жүргендер арасында атағы алысқа жайылып, миллиондаған жанкүйердің көзайымына айналған қандастарымыздың қатары мол екенін аңғаруға болады.
Осы тақырыпта әңгіме қозғалғанда, ең алдымен Моңғолияда туып өскен даңқты балуан Бақыт Однайұлының есімі еске түседі. Еркін күрестің хас шебері 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында күш сынасты. Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен қандасымыз қос бірдей қарсыласын қапы қалдырып, үшінші айналымда КСРО құрама командасының мүшесі, Монреаль Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің 4 және Еуропаның 3 дүркін чемпионы Сослан Андиевке есе жіберді. 1981 жылы АҚШ-тың Толидо қаласында өткен әлем кубогында ол қола медальды олжалады. Моңғолдардың ұлттық күресінен де толағай табысқа қол жеткізген Бақыт «Қаршыға» деген аса мәртебелі атаққа ие болды.
Моңғолияның әйгілі спортшылары қатарында Алданыш Рамазан да бар. 1961-1971 жылдар аралығында 200, 400 және 800 метрге жүгірген ол сол елдің бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы атанды. Ең бастысы, Алданыш апайдың есімі Олимпиада дуына түскен тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта қалды. Желмен жарысқан қаракөз 1964 жылы Токиода өткен ойындарда жарыс көрігін қыздырды. Ол 800 метр қашықтыққа жарысқан 66 адамның арасынан 22 орынға, 400 метр қашықтыққа жарысқан 60 адамның ішінен 20 орынға табан тіреді.
Тұралап қалған Түркия боксын өрге сүйреген Нұрхан Сүлейменовтің өнеріне кезінде дүйім жұрт тамсанған. Кеңес Одағының
уығы шайқалған тұста Анадолы еліне қоныс аударған қандасымыз шаршы алаңды армансыз тербеді. Ол – Түркия боксы тарихындағы тұңғыш Еуропа чемпионы. Ол – Түркия тарихындағы әлем біріншілігінде күміс медальды иеленген тұңғыш былғары қолғап шебері. Бұл атақтарға Нұрхан 1993 жылы Бурсада және 1995 жылы Берлинде қол жеткізді.
Бір миллиардтан астам халқы бар қалың Қытайда қарсылас шыдатпай, сол іргелі мемлекеттің туы астында өнер көрсету құрметіне ие болған әйгілі былғары қолғап шебері Қанат Ислам қандай да мақтауға лайық. Ол Олимпиада мен Азия ойындары, әлем және құрлық чемпионатында қола медальды мойнына ілді. Бұл күндері кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген қандасымыз 25 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 20 қарсыласын есінен тандырды. Бұйыртса, таяу күндері белді нұсқалардың бірі бойынша Қанат бауырымыздың әлем чемпионы атанған сәтін де көреміз.
Өзбекстанның намысын қорғап жүрген Елмұрат Тасмұратов жайында ұзақ әңгімелеуге болады. 27 жастағы грек-рим күресі шебері 2013 және 2014 жылдардағы әлем чемпионатында және 2016 жылы Рио олимпиадасында қола медальды қоржынға салды. Қатарынан 4 рет Азия біріншілігінде алдына жан салмады.

Ережесіз жекпе-жек әлемінде Қытайда туып-өскен Жұмабек Тұрсынұлының есімі ерекше құрметпен аталады. Ол осы спорт түріндегі ең белді ұйым UFC-де төбелескен тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақ!
Бүгінгі таңда еркін күрестен Қытай ұлттық құрамасы сапында Азия ойындарының қола жүлдегері Ерланбек Қатай өнер көрсетуде. Қандасымыз 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысты. Одан бұрын 2004 жылы Афина Олимпиадасындағы грек-рим күресі шеберлерінің сайысында Әлнұр Төргеұлы бақ сынаған болатын. Таэквондодан кезінде Түркия құрамасының мүшесі болған Жансел Дениз, грек-рим күресінен Бразилияның бетке ұстары Марат Ғәріпов пен Беларусьтың мықтысы Ербол Қалабаев, еркін күрестен Аустралияның туы астында өнер көрсеткен Талғат Ілиясов, Өзбекстан боксын өрге сүйреп жүрген Елнұр Әбдурайымов сынды саңлақтардың барлығының да қазақ ұлтынан екенін біздер әр кез мақтанышпен айтамыз.
28 сәуір 2018 ж. 1 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031