Сумен қамту жүйелерін қайта жаңғыртты
Арал ауданына қарасты Аманөткел елді мекенінің сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстарының аяқталып, іске қосылуына орай салтанатты шара өтті.
Аманөткелдік ағайынның қуанышын бөлісуге арнайы қатысқан аудан әкімі М.Оразбаев тұрғындарды бүгінгі қос қуанышпен құттықтап, мерейлі мереке аясында аудан орталығынан жаңа «Рәміздер алаңы» ашылғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, мұндай іргелі істер алдыңғы жылдары жалғасатындығын да жеткізді. Өз кезегінде сөз кезегін алған ауыл ақсақалдары да жұртшылық үшін аса маңызды мәселенің шешімін тауып, ел игілі жолындағы жұмыстарға ризашылықтарын жеткізіп, ақ тілектерін жолдады.
Иә, халық денсаулығының мықты болуы ең алдымен таза ауыз судың сапасына байланысты. Осы орайда, жұртшылықтың да талап-тілегі біреу, ол ауыз судың сапалы әрі қолжетімді болуы. Осы жайттар мемлекет тарапынан ескеріліп, мемлекеттік қазынадан қаражат бөлініп, жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі Арал ауданында оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе бүгінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
Айта кету керек, өткен жылы бастау алған жұмыстарды мердігер мекеме «РЗА» акционерлік қоғамы абыройлы атқарып, елді мекенінің сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстарын мереке қарсаңында толық аяқтаған. Жұмыс барысында жалпы елді мекен бойынша барлығы 33 шақырым магистральді желі жүргізіліп, су сорғы станциясы күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар, елді мекен бойынша 330 дана су есептегіш қондырғылары орнатылған. Мұндағы су мұнарасының сыйымдылығы 50 м3 құрайды.