ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ СЫР ӨҢІРІНДЕ
«Атамекен» ҰҚП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бастаған делегация Қызылорда облысына жұмыс сапармен келді.
Іс-сапар барысында Тимур Құлыбаев бизнеске қаржы көздерінің жетіспеуіне баса назар аударды. Шағын және орта кәсіпкерлікті екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландыру – өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Алдағы уақытта Ұлттық банк және «Атамекен» бірігіп, шағын және орта бизнесті қаржыландырудың мәселесін шешуді қолға алмақ.
– Бұл жағдайды бірлесе шешу керек. Аталған түйткілді жақын арада өтетін Қаржы секторы комитетінің отырысында қарастырамыз. Әрине, бизнес даму жолында банк қаражатына мұқтаж. Нормативті реттеудегі мәселелерді Ұлттық Банк тарапынан белгілі бір қатаң талаптар орнатылғанын түсінеміз. Бірақ бұл дилемманы бірігіп шешу керек, – деді Тимур Құлыбаев.
Өз кезегінде, облыс әкімі аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, кәсіпкерлер Палатасының басшылығына жергілікті билік бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
– 2018 жылды Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялап, тиісті жол картасын әзірледік және барлық қаржыландыру көзінен 32 млрд. теңге жинақталып, оның 3 млрд. теңгеге жуығы стартап-жобаларға бағытталды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы бөлуді күтпей-ақ, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, Өңірлік инвестициялық орталыққа орналастырдық. Өйткені онда екінші деңгейлі банкке қарағанда пайыздық мөлшерлеме қолжетімді, кепіл мүлік және несие беру саясаты ыңғайлы әрі ақша қайтарымы жоғары. Одан бөлек, микробизнеске қайтарымсыз грант беру мақсатында 200 млн. теңге бөлінеді. Бүгінде 800 жуық өтінім түсіп, комиссия қарауында. Комиссияның құрамында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының 4 өкілі бар, сондықтан шешім әділетті қабылданатын болады, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сапар барысында делегация мүшелері Қызылорда қаласының сол жағалауында салынып жатқан «Smart City Qyzylorda» нысанымен танысты.