АРҚА ЖАЙЛЫ БОЛСА, АРҚАР АУЫП НЕСІ БАР?
Уақыт тынысы

Біз unian.net агенттігінің ақпаратына сүйенсек, әлемдегі босқындар мен мигранттар саны рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 244 млн. адамды құрады. Яғни, 2000 жылдардан бері 71 млн адамға артқан. БҰҰ-ның ақпаратына сәйкес, босқындардың басым бөлігі туған жерін мемлекеттегі қарулы қақтығысқа байланысты тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл топқа көбіне-көп Сирия, Ауғанстан және Сомали елінің тұрғындары кіреді.
Енді елімізге ойыссақ. Қазақстанда “Босқындар туралы» заң 2010 жылдың қаңтарында күшіне енді. Бұл заң төңірегінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Себебі, Қазақстанға да ара-тұра әр түрлі себептерді желеу етіп, бас сауғалап келуші төбе көрсетеді. Деректерге сүйенсек, 2005 жылы Қазақстан жерін паналаған босқындар саны 16 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш 2009 жылы 4800-ге кемісе, бүгінде мыңға жетер-жетпес. Байқасақ, жыл санап азайған. Бұдан босқан жұртқа еліміздің ауа-райының қолайсыздығын аңғаруға болады. Сондай-ақ пана іздеген шетел азаматтарының айтуынша, біздің елде қайырымға мұқтаждық сезіледі.
Десек те, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз тегін айтылмаса керек. Өз елінен пана таппай, өзге елден «жұмақ» іздеу тәуір жағдай емес. Біздің басқа салмасын дейік, ал, босқын болудың азабы мен ауыртпалығын тартқан адамның маңдайында бес елі сор бар.
Ерасыл ШӘРІБЕК