Президент жүлдесі үшін 35 балуан белдесетін болды
1 шілде күні Астанадағы «Барыс Арена» мұз сарайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін, елорданың 20 жылдығына арналған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтеді, - деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Осымен сегізінші рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы мен Астана қалаларынан, әскерилер арасында іріктеуден өткен, 35 үздік балуан қатысады. Жарысқа қатысушы балуандар Астанаға 28 маусымда келеді деп күтілуде. Ал, 29 маусымдағы сағат 19:30-ға ресми салмақ өлшеу рәсімі белгіленіп отыр. 1 шілдеде 12:00-де «Қазақстан Барысы» турнирінің балуандардың жеребе тарту рәсімі басталмақ. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланған. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар концерттік бағдарлама мен керемет шоу өтеді деп күтілуде. «Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске - 100 000 теңге, ІІІ орынға - 1 800 000 теңге (бапкеріне - 900 000 теңге), ІІ орынға - 5 500 000 теңге (бапкеріне - 1 800 000 теңге), І орынға - 25 000 000 теңге (бапкеріне - 3 500 000 теңге) беріледі. Мұнымен қоса, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында су жаңа Renault Logan автокөлігі ойнатылады. Билеттерді қазірдің өзінде «Меломан» дүкендері желісі мен kassir.kz сайтынан сатып алуға болады. Бағасы 500 теңге мен 5000 теңгенің аралығында. Айта кетейік, жекпе-жектер «Qazaqstan» ұлттық арнасы және «Qazsport» телеарнасынан, сонымен қатар Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ», Түркияның «ТРТ Аваз» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.