БҰЛ ЖАҢАЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЛАНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЙМЫЗ
Нұрбол АППАЗОВ, химия ғылымдарының кандидаты, зертхана жетекшісі:
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті "Физика-химиялық талдау әдістері" инженерлік бейіндегі зертхана мамандары күріш қалдығын өңдеп, оны әртүрлі бағытта пайдаға асыру жобасының тиімділігімен бөлісті.
– Жобаның ерекшелігі неде?
– Өңіріміздегі ауыл шаруашылығының үздік көрінісі – күріш өсіру екені белгілі. Былтыр 500 мың тонна күріш өнімі жиналды. Күріш ору кезінде күрішпен бірге сабан орылады. Тиісінше шыққан өнімнің тең жартысы – сабан. Ал күрішті ақтағаннан кейін оның 20 пайызы күріштің қауызы болады. Бұл пайдасыз қалдық ретінде есептеліп, оны өртейді. Күзде, көктемде күріштікке шықсаңыз, арнайы орыннан ауқымды түтінді байқайсыз. Бұл аймақтың экологиялық ахуалына орасан зардап әкелуде. Өртеудің нәтижесінде миллиондаған тонна көміртек оксиді бөлінеді. Манағы айтқан күріш қауызының 20 пайызы – кремний диоксиді. Оны өртегенде өте майда тозаңға айналып, ауаға көтеріледі. Ол осы тозаңмен демалған адамның өкпесін ине тәрізді кристалдар түзіп, жарақаттап, нәтижесінде адам силикоз дертіне шалдығады. Оның соңы туберкулезге, өкпе қатерлі ісігіне апарады. Сондықтан біз осы экологиялық мәселенің алдын-алу үшін күріш қалдығын өңдеу арқылы оны пайдаға асырамыз. Осы жобамызды Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті жариялаған гранттық қаржыландыру байқауына жолдадық. Ол жақсы бағаға ие болып, биылдан бастап 27 млн. теңге қаржы бөлінді.
– Тиімділігі қандай?
– Күріш қалдығын өңдеудің нәтижесінде белсендірілген көмір алуға болатынына көзіміз жетті. Су шаруашылығында кәріз суын өңдейтін биологиялық станциялар бар. Ол жерде суды биологиялық тұрғыда ғана тазартады. Біз станция тазалаған суды зерттедік. Тексеріс барысында су құрамында хлор, аммиак, темір, сульфат, кальций, магний және т.б. сынды ластағыштар деңгейі мөлшерден бірнеше есе көп екенін аңғардық. Белсендірілген көмірдің басқа көмірден айырмашылығы – ортасында кеуектер болады. Осы кеуектер арқылы лас су өткенде, суды көптеген ластағыштардан тазартады. Осы сөзімізді дәлелдеу үшін біз оқу корпусының кәрізіндегі лас суды алып, өткізіп көрдік. Оны химиялық құрамы бойынша ауыз су деңгейіне дейін тазарды деуге негіз бар. Сонымен қоса жерден мұнай алу барысында онымен бірге жерасты қабатының суы шығады. Мұнайдың құрамында су болмау керек. Сондықтан суды мұнайдан бөліп алады. Дегенмен жерасты қабатының әрқайсысының су құрамы әртүрлі. Бірінде сульфат, екіншісінде кальций көп дегендей. Мұнайды алғанда жерді бұрғылап, бәрін бірге алады да өнім көлемін арттыру үшін суды кері айдау арқылы қысыммен мұнай жер бетіне шығады. Сол кезде әр қабаттың суы араласып, тұнба түзіледі. Нәтижесінде құбыр бітеліп қалатын жағдай жиі орын алады. Бұл экономикалық тұрғыда үлкен шығын. Осы бағытта да белсендірілген көмірді пайдаланып көрдік. Әр қабаттың араласқан суын өткізгенде химиялық иондардан тазарды. Осылайша жерге тазарған су айдау арқылы мәселені шешуге болады. Айта кету керек, біз бұл ғылыми жаңалығымызды Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына арнаймыз.
Рахметулла ӨМІРБЕКҰЛЫ, инженер-маман:
– Күріш қалдығын өңдеудің нәтижесінде белсендірілген көмір алдық. Мұны медицинада, жеке қорғаныс құралдарын жасауда кеңінен пайдаланады. Негізі белсендірілген көмір алуда ағаш қолданылады. Ағашты кесу – қоршаған ортаға зиян. Біз күріш қалдығынан алу арқылы ағаш кесуді азайтамыз. Жуырда жетекшіміз Н.Аппазовтың қолдауымен осы жобаны жүзеге асырып, Астанада өткен "Startup "Bolashak" бизнес идеялар байқауының жартылай финалына жолдама жеңіп алдық.
Рахымжан АХМЕТХАНҰЛЫ, инженер-маман:
– Күріш қалдығынан алынған белсенді көмірдің қасиеті ағаштан алынған көмірге қарағанда төмен. Оны жоғарылату үшін арнайы қондырғыны өзіміз зертханада жасап, тәжірибе жүргізудеміз. Ол үшін бірінші органикалық қалдықты көмірлендіреміз, кейін оның кеуектерінің өлшемін реттеу үшін әртүрлі химиялық реагенттер қосамыз. Екіншіден, активация процесіне көшеміз. Ол жоғары температурада су буы арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде кеуектер ашылып, қасиеті жоғарылайды. Осы мақсатта атқарылған жұмыс нәтижесін қолдан жасаған пешке қарағанда арнайы зауыттан шыққан пешпен жақсартуға болар еді.
Ерлан АБЫЛАЙҰЛЫ, инженер-маман:
– Мұнайды судан бөліп алу, тасымалдау, сақтау кезінде арнайы тұндыру қондырғысы болады. Оның қабырғасында мұнай шламдары бар. Өндіріс орнында оларды арнайы қоймаға жинайды. Одан мұнай алуды ешкім қолға алмайды. Себебі шығыны көп. Осылайша олар тонналап жиналуда. Осыны пайдаға асыру үшін оны күріш қалдығымен қосып, химиялық қосылыстарды біріктіріп, белсендірілген көмірдің қасиетін арттыру мақсатында зерттеу жүргізудеміз.
Гүлім ҚОЙШЫБАЙ, инженер-маман:
– Күріш қалдығы саналатын қауызды өңдеу арқылы кремний диоксидін алдық. Ол көптеген салада, әсіресе химия өндірісіне қажетті маңызды химиялық зат. Нарықта оның бір киллограмының бағасы – 29000 теңге. Бұл зат IT технологиясында, шыны жасауда кеңінен қолданылады. Сатылы түрде кремний диоксидінен кейін кремнийдің өзін алдық. Зертханамызда 1700 градуста жұмыс істейтін пеш болса, кристалды кремний алу жоспарын жүзеге асыруға әзірміз.
Баурат МӘЛІКҰЛЫ, химия мамандығының III курс студенті:
– Мен күріш қауызынан сірке қышқылын алу жолын қарастырудамын. Ол қалдықты құрғақ түрде қыздырғанда бу пайда болады. Сол буды қайта сұйық күйге көшіргенде сірке қышқылын алуға болады. Ол – тағам және химиялық өнеркәсібінде таптырмас шикізат. Оны мұнай газдарынан, ағашты құрғақ қыздыру жолымен де алуға болады. Ал біз табиғатқа зиян келтірмей, ауыл шаруашылық қалдығы – күріш сабаны мен қауызынан алуға болатынын дәлелдедік.
Әсел БЕГМАН