ЕЛДІМЕКЕН ТҰРҒЫНДАРЫНА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев шалғай елдімекендерде мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы өзекті мəселелерді айқындау мақсатында Арал, Қазалы ауданында іс-сапармен барды.
Тұрғындарға жаңа қызмет түрін таныстырып, əлеуметтік төлемсаласы бойынша қолданыстағы заңнамаға енген өзгерістер мен түзетулер туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Арал ауданына қарасты 12 мың халқы бар Сексеуіл кенті аудан орталығынан шалғай орналасқан. Зейнетке шығу немесе басқа да əлеуметтік жəрдемақыларды рəсімдеуге ауыл тұрындары қаладағы орталыққа келіп дағдыланған. Осы орайда, ауыл тұрғыны Байбазар Қалағаев ауылдан қызмет көрсету секторы ашылса деген ұсыныс айтты. Ал Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны Қайрат Жиемұратов та елдімекеннің шалғай орналасқанын алға тартып, жергілікті əкімдікке ХҚКО аудандық бөлімінен бір маманды бекітуді сұрады. Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қызметтің 83% көрсетілсе, оның 600-ден аса түрі электронды форматқа өткен. Кездесу барысында тұрғындарға Egov.kz порталы арқылы көрсетілетін қызмет бойынша толық мағлұмат берілді. Сондай-ақ, соңғы үлгіде жабдықталған мобильді ХҚКО қызметі əкімдіктермен бірлесе белгіленген кестеге сай шалғай елдімекендерде құжат қабылдау жүргізетіні айтылды.