3 тамызда бірыңғай медиация күні өтеді
Медиация күні қарсаңында Астана қаласының ҚХА «Бірыңғай медиация күнін» өткізеді. Шараға сот пен прокуратура, «Нұр Отан» партиясының, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, Қоғамдық келісім мен Аналар кеңестері өкілдерінің, кәсіби және кәсіби емес медиаторлары қатысады.
«Алматы», «Есіл», «Байқоңыр» және «Сарыарқа» аудандарының әкімдіктерінде кәсіби медиаторлар, Ардагерлер кеңесі, ПИК өкілдері мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары бірлесіп, жиын өткізетін болады.
Жоғары оқу орындарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларында және колледждерде, сондай-ақ мемлекеттік органдарда, ведомстволарға қарасты мекемелерде тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша медиацияның басымдықтарына қатысты семинарлар, «дөңгелек үстелдер» мен кездесулер ұйымдастырылады.
Медиация күнінің идеялық мазмұны заңның мақсаты мен міндеттеріне, Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына арнаған «Бес әлеуметтік бастама» атты Жолдауына, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік және рухани тұрақтылығына негізделген «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына бағытталған.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ, Астана қалалық Қоғамдық даму істері басқармасы, волонтерлер және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелерімен бірлесіп, медиация институтын дамыту мәселесіне байланысты тұрғындар арасында блиц-сауалнама жүргізеді.
Еске сала кетсек, 2018 жылы 27 сәуірде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, ол өз кезегінде қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша медиация механизмін дамытуға әсерін тигізді. Медиация-дауларды (жанжалдарды) реттеуші ең маңызды құрал ретінде саналады.