Білім гранттары конкурсына 75 мың адам қатысуда
Республикалық комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлік палатасының, Жоғары оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық бірлестіктердің, ҚР БҒМ білім және ғылым мәселелері және бала құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің, педагогтар қауымының өкілдері кіреді. Комиссия отырысында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдауға дайындық жұмысы қорытындыланады. Жыл бойы министрлік іріктеу сапасын арттыру және студенттер контингентін қалыптастыру бойынша бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында биыл мемлекеттік тапсырыстың көлемі 20 мың грантқа артырылды. Соның 11 мыңы техникалық бағыттарға, соның ішінде ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологиялар салаларына, 5 мыңы еңбек нарығында қажеттілік байқалып отырған басқа мамандықтарға 3 мыңы магистрлерді даярлауға, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Сонымен, жоғары білім гранттарының саны 53 594-ке жетті. Соның 5 944-і күндізгі оқытудың 1-курсына, 2 650-і ЖОО дайындық бөлімдеріне қабылдауға бөлінген. Көрсетілген басымдықтарды ескере отырып, 24 737 грантты техникалық және технологиялық мамандықтарға, 9 499 грантты педагогикалық, 2 785 грантты ауыл шаруашылығы және ветеринария, 2 700 грантты медициналық, 1 450 грантты гуманитарлық, 100 грантты құқық, 300 грантты өнер, 1 780 грантты әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, 3 246 грантты табиғи ғылымдар, 2 330 грантты қызмет көрсету, 500 грантты әскери іс және қауіпсіздік мамандықтарына бөлу көзделіп отыр.