Дарынды студенттер арасында магистратурада тегін оқуға байқау жарияланды

«Дарындыларға арналған магистратура» - «Жалпыға арналған білім беру» бағдарламасы аясында біздің компания іске асыратын тағы бір жоба. Былтыр серіктестерімізбен бірге біз «Қазақстанның ашық университетін» - еліміздің үздік университеттері оқытушыларының дәрісі жинақталған OpenU.kz тегін білім беру платформасын іске қостық. Өткен жылдың соңында Алматының ІТ мамандығы студенттеріне оқудан қол үзбей-ақ ірі компаниялардың нақты жобаларында веб-бағдарламалау бойынша практикалық дағдыны жетілдіруге және стипендия алуға мүмкіндік беретін CAMP жобасын бастадық. Халықтың мобильдік сауатын арттыру жөніндегі «Digital Life» жобасын үшінші жыл іске асырып жатырмыз. Осы уақыт ішінде Қазақстанның 17 қаласында 6,5 мыңнан астам адам тегін шеберлік дәрісіне қатысты. Бүгін біз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың бакалавриатты тәмамдағалы отырған талантты түлектеріне Ұлыританияның үздік техникалық ЖОО-ларының бірінде білім алуға мүмкіндік беретінімізге қуаныштымыз», - дейді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің басшысы Наталья Еськова.
Байқауға «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Ақпарат жүйелері», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автоматтандыру және басқару» сияқты мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер қатыса алады. Грантқа үміткерлердің оқу үлгерімі жоғары болуы тиіс әрі ауызекі және жазбаша ағылшын тілін жақсы меңгерген болуы керек.
Олардың арасынан білім грантын иеленетін екі студент іріктеледі. Kingston университетінде білім алу, сонымен бірге жол ақысы, жатын орны, тамақтану, оқулықтар, медициналық сақтандыру, виза және стипендиаттың басқа да шығындарын «Кселл» компаниясы мойнына алады. Kingston университетінде білім алу 2018 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың маусымына дейін жалғасады.Жобаның серіктесі – Қазақстан бойынша жетім және аз қамтылған отбасы студенттерін қолдайтын бағдарламаны ұзақ жылдан бері іске асырып келе жатқан «Taiburyl» қоғамдық қоры.