Шағыл мысығы
Шағыл мысығы – мысық туысына жататын ең кішкентай жануар. Дене ұзындығы 43-57 см, құйрығы 28-35 см, үшбұрышты құлағы төмен орналасқан; табанын қалың түк басқан.
Біздің Қазақстанда Маңғыстау түбегінің бұйратты құмдары мен шағылдарында және Арал өңірін, Қызылқұмды мекендейді. Арқасы мен бүйірі құм түстес сарғыш, денесінде айқын емес қара жолақтары болады. Құйрығының ұшы қара қоңыр. Құлағы үшбұрышты, самай сақалы жақсы көрініп тұрады. Ұсақ кеміргіштермен (қосаяқ, құмтышқан), кейде бауырымен жорғалаушылармен, ұсақ құстармен және жәндіктермен қоректенеді. Қорегін түнде аулайды. Бұлар ақпан-наурыз айларында шағылысып, аналығы сәуір-мамырда 2-5 мәулен туады. Құмды, шөлді аймақтарда тіршілік ететін болғандықтан аз зерттелген. Шағыл мысығының саны қай жерде де аз, Қазақстанда 1952-55 жылы оның 6 дарабасы ұсталғаны туралы деректен басқа мәлімет жоқ. Республикада Үстірт және Ақтау-Бозащы қорықшаларында қорғауға алынған. Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Шағыл мысығы Қызылқұмның солтүстігінде көп болған, ол жерлерден Қызылорда облысының тері дайындау мекемесіне жылма-жыл 100-ге жуық терісі тапсырылған. Қазір Қазақстанның құмды шөлдерінде шағыл мысығы өте сирек. Қатал әрі қары қалың қыс; қоректің жетіспеуі, аязды күндері мұз тайғақта кеміргіштерді аулау қиынға соққанда бұл мысықтар жаппай өлім-жітімге ұшырайды. Осындай жаппай қырылу біздің өңірде 1953-54 және 1968-69 жылдары байқалған.Таймұрат ӘБДІКЕРОВ,
Барсакелмес мемлекеттік қорығының орманшысы