ПӘЛЕН ЖЕРДЕ АЛТЫН БАР... немесе КОРЕЯДАҒЫ ЖҰМЫС КҮШІ ЖАЙЫНДА
Соңғы уақытта үйін, тұрақты жұмысын тастап, Кореяға бет алғандар саны күрт артты. Біздің елдің азаматтары онда заңсыз мигрант ретінде қалып, нәпақа тауып жүр. Бұл жағдайдан хабардар болған корейлер келушіні қатаң тексере бастады. Осылайша, қазір жұмыс іздеп барған қазақтар онда кіре алмай, сан соғып қалуда. Мұндай жағдайға тап болмас үшін мигранттар өзін турист екеніне сендіре білу керек. Ол үшін барып-келу билетімен қоса, қонақ үйге тапсырыс беру қажет. Сонда ғана ол жақтағылар сенің демалуға немесе емделуге келгеніне сенеді екен.
Онда қазақтардан бөлек, қырғыз, орыс, өзбек ең арзан жұмыс күші ретінде сұранысқа ие. Сондықтан тез жұмыс табатын көрінеді. Тіпті оларға бөлек «арбайт» деп аталатын құл базар салынған. Арзан жұмыс күшін қажет ететіндер делдал арқылы тілдесіп, бағасын келіседі. Делдалдың өзі де екі жақты байланыс орнатып, мол қаражатқа кенеледі. Алайда, нәпақа табамын деп шетел асқандардың барлығының бірдей жолы бола бермейді. Керісінше, Кореяға өту үшін тегін корей азаматтығына ауыстыруға тырысатын адамдар жиілеп кеткен. Алдап өтіп, ақшаға қарық боламын дегендер шығынға батып қайтады. Тіпті, мұндай жағдайда Кореядағы Қазақстан елшілігі де көмектесе алмайды. Тұрақты баспанасы жоқ қазақстандықты жертөледе қондырып, Қазақстанға қарай бет алған ұшақтағы бос орынға мінгізіп, кері қайтарады.
Жуырда Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев «Кореяға заңсыз көшкендер адам өлтіруден бастап зорлық-зомбылық, ұрлыққа дейін барады. Қаңғыбас болып кеткендер де бар. 2017 жылдың ортасына дейін елімізден Оңтүстік Кореяға 5 500 адам заңсыз көшіп барған. Жылдың аяғына қарай аталған көрсеткіш 6 500-ден асты. Яғни ол жақта заңсыз еңбек мигранттарының саны күрт көбейді» деп мәлімдеді. Нәтижесінде Оңтүстік Кореяда біздің елдің азаматтары үшін визасыз режимді алып тастау қаупі төнген болатын. Өйткені, Сеулде заңсыз жүрген қазақстандықтар көбейіп, әуежайда тексеріс күшейіп, талап қатайған. Қазақтардың Кореяға заңсыз кіру дерегі жиілеген соң, жат елдің полициясы жерлестерімізді қудалап қана қоймай, екінші рет Кореяға кіргізбей қоюы мүмкін. Бұл тұрғыда Корея республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик «қазір қос мемлекет арасындағы визасыз жүру келісіміне қауіп төнді. Негізі бұл құжатқа екі ел басшысы үлкен еңбекпен қол жеткізген. Бірақ заңсыз еңбек мигранттары Кореяға ағылуын тоқтатар емес. Ал визасыз тәртіп алынса, еліміздің азаматы үшін Оңтүстік Кореяға бару қиындай түседі. Сондықтан Сеулде жұмыс істегісі келетін отандастар үмітін үзе берсе болады. Ал емделуді немесе демалуды жоспарлаған болсаңыз, аурухана мен қонақ үйден шақырту қағазы болу керек. Сонда ғана бұл мемлекеттің есігі ашылады» дейді. Бұрын Корея мен Қазақстан арасында 3 жылға дейін визасыз режим орнатылған еді. Бүгінде бұл талап 1 айғақысқарды.
Мұндай олқылықтың алдын алу үшін билік шетел асып, жұмыс іздеп кеткен қазақтарға құқықтық, ақпараттық қолдау көрсету қажет сияқты. Елімізден жұмыс таба алмай, шетелге шығушыларды қай елге баруға болатыны жайлы ақпаратпен қамтып отырса, азаматтар өзге елдің әуежайында осылайша шарасыз күйде қалмас еді. Сонымен қатар, өзге елде заңсыз жұмыс істеп арзан жұмыс күшіне айналған қандастарымызды сол елдің азаматтары басынбас үшін оларға қамқорлық жасау да қажет. Сондықтан билік қазақ гастербайтерге қолдау көрсету саясатын дамытуға тиіс.
Расында Оңтүстік Корея қазір еліміздің азаматтары үшін нан табуға таптырмас жер. Олар айына 3 мыңнан 6 мың доллар, яғни екі миллион теңгеге дейін айлық алады екен. Мұндай жалақыға қол жеткізу үшін корей тілін білу маңызды.
– Кореяда жұмыс істеп жатқан қазақтардың жағдайы жақсы екенін естіп, мен де күн көріс қамын жақсартамын деп осыдан бір жыл бұрын Кореяға бардым. Әуежайдан түсе салысымен жұмыс берушілер күтіп алды. Мұндағы жұмыс күші үш топқа бөлінеді. Машина жасау, телефон құрастыру жағында орыстар жүрсе, құрылыс, фабрикада өзбек, қырғыздар басым. Ал қазақтар жеміс-жидек өңдеумен, теңіз балдырын жинаумен айналысады. Күніне 80-100 вон аралығында жалақы төлейді. Бұл сумма теңгеге шаққанда 22 200 теңге. Жалақысы қалтаға қонымды болғанымен, тағамы көңілден шықпай, кей қазақтар шыдамай қайтып кетуде. Мен де шыдай алмай, ең болмағанда жолпұлымды ақтайын деп үш айдан соң елге оралдым. Бір байқағаным, Кореяда әр ұлт өз болмысына қарай жұмысқа орналасады. Техника, завод фабрикада істейтін қазақтар жақтың қасы. Ол жақтан тек орыс, вьетнам, қытай халқын кезіктіресіз. Өйткені олар корей тілінен сабақ алып, арнайы дайындалған, – деді Ерғали Әбдірей.
– Кореяға келсең жұмысқа қарық болып, несиеңді жауып, алтынмен аптап, күміспен қаптап, үлде мен бүлдеге оранасың» деп бос уәде беретін алаяқ көбейді. Мен де сондай адамға тап болып, далада қалдым. Несібеме орай, әуежайда үш қазақты кезіктіріп, құл базарға жол тарттық. Кореяда адамның ақылы мен білімі қажет етілмейтін қол шаруасына жұмсайтын жұмысқа жегеді. Ерлер күніне – 100 доллар жалақы алса, әйелдер – 60-70 доллар алады. Мұндай қаражат күнде бола бермейді. Ол үшін ортадағы делдалдың көңілінен шығу қажет. «Қомақты қаржы төлеймін» дейтін алаяқтар жұмыс берген күннің өзінде еңбек ақысын қолыңа ұстатпай, қуып шығуы мүмкін. Ал ақысы желінген шетелдікке ешкім пысқырып та қарамайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, денсаулығыңыз сыр беретін болса мұнда келудің қажеті жоқ. Себебі, Корея адамды тегін емдейтін немесе қамқорлық танытатын ел емес. Ауырып жұмысқа келмей немесе кешігіп қалсаңыз, айыппұл төлейсіз, – деді қала тұрғыны Құрмангүл Оспанова.
– Дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінмін. Сатушының табысы баршаға белгілі, айлығың шайлығыңа жетпейді. Содан Кореяда жұмысшыға жоғары жалақы төлейді дегенді естіп, жалғыз баруға жүрексініп үлкен ұлыммен Кореяға кеттім. Жолымыз болып, жақсы делдалға жолықтық. Ұлыммен келгенімді көріп аяды ма, әйтеуір тұрақты жұмысқа орналастырды. Жұрт аялдайтын «арбайтты» көрген емеспіз. Түрлі жеміс-жидекті 12 сағат бойы сорттап жәшікке орналастырамыз. Қайдан келіп жатқанын қайдам, жері тар болса да, жеміс-жидегі мол ел екеніне көзім жетті. Менің тапқан жалақым пәтерақы мен тамақтан артылмайды. Ұлымның ақшасын отбасыма жіберіп отырамын. Қомақты қаражат жиналған соң елге қайтамыз. Мұнда келіп, тұрақты жұмысқа орналасқандар қайтуға құлықсыз. Керісінше, елімде маған діни қысым көрсетілді немесе басқа да уәж айтып, визасын 6 айға, 1 жылға создырып алатындар бар. Дегенмен мұның кемшінтұсы бар екенін ескерген абзал, – деді Мейрамкүл Нұраддинқызы.
Оңтүстік Корея мен Қазақстанның арасында еңбек келісімі жайлы құжатқа қол қойылмаған. Сондықтан заңсыз жүрген жерлесімізге қауіп-қатер төнсе, оған ешкім араша түсе алмайды. Бір жылда елімізден 6500 қазақстандық шетел асқан. Ал Қызылорда қаласынан қанша азамат кеткенін білу мақсатында облыстық миграция және көші-қон департаментіне бас сұқтық. Департамент басшысы «шетелге кеткен қандастарымызға тосқауыл бола алмаймыз. Әрбір қазақстандық азамат шетелге сапарлайтын болса, төлқұжат рәсімдеп, елден еркін шыға алады. Оларды бақылау біздің құзырымызда емес» деп есіктен шығарып салды.
Епті жұрт несібесін есік алдынан іздесе, пысықтар пайдасын пайыздан табады. Қалай десек те, жұмыссыз жүрмеуге тырысқанды сөгуге болмайды. Жұрттың еріккеннен шет ел аспайтыны тағы бар. Кім өз елінде, отбасының жанында қалғысы келмейді дейсіз? Бірақ бәріне бірдей ойындағыдай жұмыс табыла бермейді. Осы тақырыпты зерттеу барысында Кореядағы бір құрбым 80-дегі әжейдің көше сыпыратынын айтқанда таң қалдым. Өмірін ұлт тәрбиесіне арнаған әже зейнетке шыққан соң, еліне келетін туристерге таза қалада демалсын деген мақсатта тегін жұмыс істейді екен. Тіпті бұл ісінен ләззат алатынын жеткізген. Ал бізде қалай? Көше сыпырушыға: сізге жұмысыңыз ұнай ма деген сұрақты қоюдың өзі ағаттық. Сондықтан қандай жұмыстың түрі болмасын еңбектеніп, өзің нан тапқанға не жетсін!
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
«Walk Free» коммерциялық емес ұйымының есебінде әлемде 40,3 миллион құл бар деп айтылған. Зерттеуге 167 елдің ресми көрсеткіші қолданылған. Бұл рейтингте Қазақстан 83-орында. Яғни «Walk Free» ұйымының бағалауы бойынша біздің елімізде 75 мың адам құлдықта мың тұрғынға 4,21 "құлдан" келеді екен. Рейтинг бойынша Солтүстік Корея алдыңғы орында, онда халықтың 10 пайызы мемлекет әсерінен қаламаған жұмыс істеуге мәжбүр.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА