КӘСІПКЕР КӨКЖИЕГІ
Ең бірінші қаламызға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округіндегі ауылшаруашылық кешенінің жұмысымен танысты. Кәсіпкер Досхан Жүнісов құны – 2 млрд. теңге тұратын ауылшаруашылық кешенін іске қосып, 100 адамды жұмыспен қамтуда. Кешен аумағы – 6 гектар. Бұл аумақта мал бордақылау алаңы, өнімділігі жылына 500 тонна құс етін өндіретін 800-1000 бас тауық фирмасы бар. Сондай-ақ ангус тұқымды сиыр етінен жылына 1000 тонна етті экспортқа шығаруға мүдделі. Келесі нысан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының қаржысына Қызылорда қаласының «Қараторғай-1» өңірінен салынған 120 дана жылыжай кешенін тамашалады. «Натишаева» ЖК-ның бастамасымен осы аумақтан 2017 жылы 50 данасы және үстіміздегі жылы 70 данасы іске қосылған жылыжайда көкөністен қызанақ, қияр, аскөк пен көк жуа дақылы өсуде. Бұл жылыжайды кәсіпкер 2026 жылға дейін лизингке алған.
Шаһар басшысы жұмыс соңында Ақсуат ауылдық округіндегі «Самұрық құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысын да назарға алды. Бұл шаруашылық өз кәсібін дөңгелету үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан жеңілдетілген негізде 28 млн. теңге несие алып және өз есебінен 75 млн. теңге қаражат жұмсаған. Қазіргі таңда 20 мың құс ұстайтын екі ангар құрылысы салынып, онда 13 мың құс орналастырған. Өнімін нарыққа шығару үшін «Сапсан гарант» ЖШС мен келісім шартқа отырып, күніне 7-8 мың дана жұмыртқаны қала халқына ұсынуда. Қазіргі таңда құс фермасына 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, алдағы уақытта қосымша 10-15 адамды жұмыспен қамту жоспарлаған.
Қала басшысы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына септігі мол осындай серпінді жобаларды жүзеге асырған кәсіп иелеріне риясыз алғысын білдіріп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жобаны қолдайтынын айтты.