Қартаю туралы шындық

Қоғам қалай қартаяды? Туудың төмендеуінен, бүгінгі статистика көрсеткеніндей, халықтың орташа жасы 49-ды алқымдайды (мысалы, еуропаның орташа жасы әзір 40 болғанмен, 2050 жылға қарай 49 болады деп болжанған). Демек бала туудың көрсеткіші – халық жасының құрамдас бөлшегі. Еуроодақ көрсеткіші бойынша бүгінде бір әйелге 1,5 баладан келеді. Ал, халықтың табиғи өсімі, яғни жас тепе-теңдігі болуы үшін бір әйелге кем дегенде 2,1 баладан келу керек. Демографиялық үрдіс бойынша уақыт табиғи түрде жастармен (14-29 жас аралығы) ауыспаған соң бірте-бірте басым бөлігін қарт адамдар құрайтын қоғамға ауысады. Қартайып бара жатқан мемлекет деген осы.
Кейбір болжамдар бойынша Жер шарының халқы қазіргі 7,2 миллиардтан 2030 жылға қарай 8 миллиардқа, 2050 жылға қарай 9 миллиардқа дейін жететін көрінеді. Бұндай қуатты демографиялық үрдіспен қоса қартаю да етек алуда. Бұл үрдіс негізінен бай батыс елдеріне қатысты деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл пікір қате болып шықты. Туу көрсеткішінің төмендеуі құлдырай бастаған Еуропада ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде: Оңтүстік Америкада, Кариб бассейні елдерінде, Азияның бірқатар елдерінде, Қытай мен Оңтүстік Үндістанда, тіпті Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, соның ішінде Ливанда, Марокко мен Иранда да байқалған.
Қартаю – өз алдына экономикалық мәселе. Себебі, жұмыс күшінің қатарын толықтырып тұрған қоғамдағы аға буын өкілдері зейнетақы жасының күрт көтерілмеуіне байланысты жұмыс істемейтін қарт адамдардың (алуан түрлі экономикалық артықшылықтары бар) санын өсірумен бірге еңбек жасындағы халықтың да санын азайтады. Халықтың қартаюының әсерінен (жастардың азаюына байланысты) үй, жиһаз, автокөлік пен тұрмыстық техника сияқты қымбат тауарларды тұтынушылар саны да қысқарады. Сонымен қатар кәсіпкерлердің де қарасы сирейді, өйткені қарт қызметкерлер жаңа коммерциялық орын ашып әуреленгеннен гөрі, ертең бақуатты зейнетақысын қамтамасыз етуге қажетті өз салымдарын сақтауға бейіл болады. Осының бәрі салым мен инвестор қарқынын төмендетеді. Қарттар әлемі баяу өсімге басыбайлы болып қала береді.
Демек, дүниежүзілік экономика сарапшысы, доктор Клаус Шваб жазғанындай, біз балаларының төрттен бірі экономикасы дамыған елдерде туған, өмірінің ұзақтығы жүз жас болады деп күтілетін қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, еңбекке қабілеттілік пен зейнеткерлік жастағы адамдар және жеке өмірді жоспарлау деген мәселелерді қайта қарастырудың маңызы зор. Осы орайда 19-20 жасында-ақ үйленіп, үй болуға асыққан жастардың беталысы дұрыс (қазіргі тенденцияда жастардың ерте үйленуі байқалады). Тек оларды ынталандыру тетігі іске қосылу керек. Мәселен, бес балалы отбасы кезектен тыс үйлі болып, жеті балалы болғанында ипотекалық несиесі мемлекет есебінен мерзімінен бұрын жабылса жақсы емес пе?!
Ж.САҒИДА