Денсаулық және дабыл
Нұрсұлтан Назарбаев аурудың алдын алу маңызды екенін және ұлттың дені сау болуы үшін азаматтардың маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. «Денсаулықты жақсартуға адамдардың өзін тарту қажет. Адамның денсаулығы тек 10-15% медицинаға тәуелді. Одан басқасы түгелдей адамның өзіне байланысты» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы тұрғындар арасында саламатты өмір сүру салтын насихаттау мәселесіне баса басымдық беріп, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу міндетінің маңызды екенін атап көрсеткен еді.
Алматыда 24 мамырда жоғары оқу орнының бірінші курс студенті менингококк жұқпасынан қайтыс болды. Дәрігерлердің айтуынша, науқас студентке қауіпті инфекцияның жылдам таралатын түрі жұққан. Алматыда соңғы бірнеше күннің ішінде осымен төрт адам менингиттен қайтыс болған. Олардың екеуі ересек адам болса, екеуі – балабақшаға барып жүрген бүлдіршін. Таяуда 5 жасар бала қайтыс болғандар тізімін толықтырды. Қалалық Қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің деректері бойынша Алматы ауруханаларына менингококк инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен дәрігерлік көмекке жүгінген 50-ден астам адамның 29-ының осы дертке шалдыққаны анықталды.
Дәрігерлер биыл Алматыда менингит ауруы қатты қозып кеткенін мәлімдеп отыр. «Қауіпті бактерияны күн сәулесі жоятын болғандықтан, ауа райы жылынғаннан кейін дерт бәсеңдейді» деген болжам бар.
Биыл көктем кеш шықты. Ауа райының салқындығы қатты білінеді. Менингиттің қозуына сол себеп пе?
Дәрігерлер менингококк инфекциясын Neisseria meningitidis бактериялары қоздырады, ауру түрлі клиникалық белгілермен пайда болады – инфекцияны таратушыда оның белгілері білінбеуі де мүмкін немесе мұрын-жұтқыншақ қабынуы, ми қабығының қабынуы және менингококктық сепсис түрінде өрбитінін еске салуда.
Дәл осындай жағдай 2004 жылы орын алған еді. Сол жылы Алматы қаласында мамыр айынан бастап, менингитпен ауырған 772 адам тіркелген. Мамандардың айтуынша, олардың 87 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Барлық тіркелгендердің 6 пайызы – Қазақстанның түрлі аймағынан келгендер. Еліміз бойынша 911 адам ауырған, оның 772-сі – Алматыда. Шығыс Қазақстан облысында – 52 адам. Қарағандыда – 23, Павлодарда – 17 адам. Алматы облысында – 14 адам. Республикалық санэпидемиялогиялық стансаның зертханасына қаладағы су қоймаларындағы су тексеруге алынып, оның бірінен «Коксаки В» энетеровирусы табылған.
Мамандардың айтуынша, елде менингит ауруының кең таралуы 80-жылдардан кейін қайталанған. 2004 жылы инфекция басталған кезде 20 баладан қан нұсқасы алынып, Американың зерттеу орталығына жіберілген. Соған байланысты осы вирусқа қарсы алдын алу шаралары жасалады делінген. Содан бері ештеңе істелмегені ме?
Дәрігерлердің айтуынша, менингиттің ең алғашқы белгілері желке тұста бастың қатты ауыруы, адамның басы айналып құсқысы келуінен айқындалады. Ауру жедел басталады, дене қызуы 38-40°С-қа дейін көтеріледі. Мұрынның бітуі, тамақтың ауырсынуы мен жыбырлауы байқалады. Адамның басы қатты ауырады. Кенеттен басталатын түрінде денеде, үстінен басқан кезде жоғалмайтын гемморагиялық жұлдызша тәрізді бөртпелер пайда болады. Бөртпе көбіне бөкседе, аяқ-қолда, денеде байқалады, ауыр жағдайда – қабақ пен бетке де шығады.
Қазақстан медицинасы осынау дертке қарсы тұра ала ма? Дереу дабыл қағылып, менингиттің таралуына шектеу қойылмаса және емдеу шаралары жасалмаса, қиын болатын түрі бар.
Адамның денсаулығы – ұлттың, мемлекеттің байлығы. Ашық күнде сол байлықтан айырылып қалмайық!
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: aikyn.kz