САПАР
Жолжазба
Түрксібтен кейінгі ауқымды теміржол құрылысы осы шығар, сонау Сарыарқа мен Сырдың арасын қойын-қолтық қосып отыр. Жүрісі баяу, шабысы шабан аттай болса да шамасына қарай шаруа жасаған пойыздың пошымын, ұзақ жолдың ұзын-ырғасын көргім келді. Сәті түсті. Ол да қызық.Таң суитын тамызда қай бағытқа болсын пойызға билет қат болатыны беп-белгілі. Жаныңа жайлы жүрдек арбаны таңдайтын уақыт емес, мені осы теміржол бағытына амалсыз алып келді. Сонымен №617 жолаушылар пойызымен келе жатырмын. Алдымыз –Астана.
Дала академигі Ыбырайдың әкесі Жақай ақсақал өмірінде алғаш рет ауылдан ұзап, үлкен үмітпен Сарыарқаға көппен бірге сапарға шыққан баласы Ыбырайға: “Өзін бір ойлап, өзгені екі ойлаған ер – нағыз ер. Кеудеңде жан барда, адам атыңа дақ түсірме. Аштан өлсең өл, тек азғындап өлме, былғаныш өмірден адал ажал артық. Жолың болсын”, – деп ақ тілек білдіреді. Сондай тілекті арқалап мен де шықтым.
Жаз ортасы ауған, даланың сәні қашып, төсінің тынысы тарылып, құлази бастаған, әбден шіліңгір шілденің аптабы апшысын қуырып, бұталы бетегенің сөлін сығып, жұпар жусанның төзімін тілген күннің өткір күшіне кіжініп, бүк түсіп жатыр.
Қайран қазақтың даласы, кең болғаныңа ешкім шәк келтірмес, бірақ шымшық түгілі шыбын ұшпаған ұшы-қиыры жоқ аңызақ атырапты көргенде апырмай дерсін. Желмен көшкен шағыл құм төбе әлсін-әлсін төбесін ғана көрсетеді. Тіпті аңның ізі түспеген меңіреу даланың мұң шаққандай жүзі солғын. Көкте ұшқан құзғын да тышқан таппай, тынымсыз тырбаңдайды. Өткір көзін олай да, бұлай да созып, жер бауырлап жемтік іздейді. Құс екеш құстың өзі дәл бұлай тірлік кешсе, адам қалай тұрақтайды, жер иесіз жатыр.
Тамбурда екі өзбектің қатыны тұр. Мынадай иен далаға таңырқай қарап, қайран қалады. Бірі: «Түкірсек те суландырып, дән сеуіп, диқаншылық жасар едім» дейді. Ал, екіншісі «Неге су тапшы?» деп мұңданады.
Әрине, әркім өз ойынан хабар береді, дегенмен менің көзқарасым басқаша. Кезінде жылқының көптігінен жердің белі бүгілген қазақтың байлығы қайда кетті деп келемін іштей. Оқта-текте Қамбар ата тұқымының үйірі алыстан қылаң беріп, қақ тұрған сай-саланы айналшықтап, шөліркеген сиқын байқатады. Әттең әр жерден су атқылап тұрса дала құлпырып, шөбі шүйгін болатындай сұраныс өздігінен өзектеп тұр. Сонда ғана сайын даланың сәні кіріп, төсінде жаңа тіршілік басталар еді.
Қарапайым халық үшін бұл поезд өте тиімді. Ауыл-аймақтан алшақ жатқан елді мекенге таптырмас көлік болды. Ел базар-ошарын осы поезбен байланыстырады. Санамалап көрсек, поезд елордаға дейін 69 ауылдың үстінен өтеді. Демек, сәтіне қарай жасалған үлкен жоба! Сексеуілден кейін бірнеше разъезд жалғасады. Әсіресе, қатынасы қиындау Қарашеген, Қарақұм, Абай секілді шалғай ауылдың бағына бақ қосты.
Содан Ұлытау ауданына қарасты Қоскөлге барғанда шоқ-шоқ жыңғыл, жасыл жусанның шеті көрінді. Тау беткейі болғаннан ба, әйтеуір сулы, нулы жер екенін білдіріп қояды. Ауыл ажарынан көше бойлап қойылған самаладай шам көрінді, байқаймын өркениеттің белгісі осы елді мекеннен шаң бергендей болды. Арқа жақтың албары көп нәрседен шет қалып қойғаны ма, көшпелі халықтың күйінде секілді. Бәлкім, содан болар, ақын Жүрсін Ерманның айтқаны бар: «Поезд қатынасы аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдағы ағайынның жүріс-тұрысын жеңілдетті» деп.
Құрамына Қоскөл, Қосбармақ, Құлжанбай, Нарөлген ауылдары кіретін ауылдық округта небәрі 700-дей ғана халық тұрады. Өндірісі өркен жайған кешегі кеңестік кезең келмеске кетті, бүгінгі болмыста сауда-саттықтың асығы алшысынан тұрған сыңайда. Өйткені бекетте сауда жасаған қыз-келіншектер әжептеуір ақша тауып үйренгендей әсер әкелді.
Мұндағы қай ауылды алсаңыз да халық саны өте аз. Бұл – ашаршылық заманның кесірі, жаппай үдере көшкен елдің ұрпағы.
Қазақ этнотарихының бiлгiрi Ақселеу Сейдiмбектiң «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты шежiре кiтабында Шегiрби жайлы бiршама нақты деректер келтiрiлген. Осы тұста «төрт босаға» деген ұғымның мағынасын баяндай кеткенiмiз жөн. Ол заманда бiр-бiрiнен алшақтау жатқан қазақ руларының атқамiнерлерi ел iшiнде күнделiктi өмiрде болып жатқан дау-дамайлардың жағдайымен кездескенде алғашқы танысуларын: «Әуелi төрт босағаңды айт!» – деген сұрақтан бастайды екен. Онысы: «Ауыл-елiнiң, шыққан жұртының пiрi кiм, биi кiм, батыры кiм, мырзасы кiм?» – деген сауал. Бұған жөндi жауап болмаса, немесе аталған есiмдерге әлдеқалай себептермен көңiлi толмаса, одан кейiнгi әңгiмелерi жүйе таба қоймаған секiлдi.
Бағаналының төрт босағасы саналатынның iшiндегi Қадiрi – пiрi, Шегiрi –биi, Сандыбайы – батыры, Бабыры – мырзасы болып есептелiнедi.
Бір кездері «Ленинск» ғарыш айлағын әлем назарынан жасыру үшін құпия нысан ретінде бүгінгі Байқоңыр ауылы географиялық картада ерекше көрсетілген дейді. Жәй ғана қоңыр тіршілік кешкен байқоңырлықтар мал шаруашылығын кәсіп еткен. Мұнда да әскерилер болды. Бірақ олардың немен айналысқан белгісіз.
Іргелес Қарсақбай Ұлытаудың оңтүстігіне қарай 100 шақырымда, ал 1724 жылы жоңғар-қалмақтарға үлкен соққы берілген жер – Білеуті, Бұланты өзендерінен солтүстікке қарай 70-80 шақырымда орналасқан.
Бұл төңіректе өткен ғасырдың басында ағылшындар концессияға алған Байқоңыр мен Қарсақпайда көмір, мыс, қорғасын өндірісімен айналысып, жүкті Жосалы арқылы поездға тиеп келді. Біз Қарсақпайға келгенде Әлихан Бәйменовтың естелігі есіме түсе кетті.
«Қарсақбайда патша заманында Бидаш деген әйел өзі келін болып түскен ауылға болыстық құрған. Әрине, әйелдің болыстық етуі сирек құбылыс еді. Сол ападан кейінгі ұрпаққа жеткен бір ғибратты сөзі бар.
Ауылда үлкен ас беріліп, бәйге тігіп, ат шаптырып жатады. Апамыз болыс болса да, әйел адам ретінде әдеп сақтап, бәйге өткен төбеге бармайды екен. Жарыс біткеннен кейін бір шабарманы шауып келіп, ауылдың аты бәйгеде бірінші келгенін айтып, сүйінші сұрайды. Сонда Бидаш апа: «Қап, теккен төр, атақ-абырой құйрық пен көпшіктің арасында қалды ғой» деп санын соққан екен. «Алыстағы жұрттың аты озса, асымыздың атағы дүркіреп, алысқа жетер еді. Ал өз асымызда ауылдың аты алда келгеніне несіне қуанасың?!» депті.
Жол шіркін жетелегіш ғой, қай-қайдағы ойға оралады. Үш жүздің басын қосқан шежірелі Ұлытау туралы толғаныс Жезқазғанға алты сағат аялдағанда түйсікте тебіндеп алды.
Осылай есіме тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманы түсті. Өтпелі кезең болса да тұрғылықты елдің пейілі тарылмаған, кең қолтық заман болатын. Жол түсіп дүниенің төрт бұрышының кіндігі болған Ұлытауға барған едім. Қазақы ауданның қонақжайлығы текті топырағына табаным жерге тигеннен ұласып кетті. Әрбір үйден бір малдың басы бұйырды, төрден түсер емеспін. Сол күні кешкілік Балғабай деген азаматтың үйіне кезек келіп, мамыражай отырған сәтте сырттан шақыру келді.
–Сізді бір әйел кісі іздеп келіп тұр, – дейді үй иесі.
Ұлытауда қай туысқаным қалып еді деймін іштей. Аң-таң күйде шыққаным сол қарсы алдымнан ұшырасқан әйел мойныма асыла кетті де өкіре жыласын кеп. Түкке түсінсем бұйырмасын, жұмбақ жағдай мені мазалай бастады. Бұл кім? Менің не қатысым бар?
Он минуттай үнсіздікті өзі бұзды. –Айналайын Жетісайдың жігіті сен бе едің, мен сенің осындағы апаңмын. Бес жыл болды, төркінге бармағалы, сағындым елді! Сені көріп ауылға аңсарым басылып тұр, – деп тағы бір көзіне жас алды.
Енді түсінікті болды. Жол түспей жүрген екен, әйтпесе ешкімнен кем тіршілігі жоқ. Ертесіне қонақ болып, үйінде арқа-жарқа отырдық. Жолдасы орманшы екен, Пионер, Емшектау, Едіге тауын аралатып, серуен ұйымдастырды. Ол да туған жерге деген мауқын басты, мен алыстағы апамды тауып мәре-сәре болдық. Сол ауыр уақыттың салқыны қазір байқалмайды. Ел асып баратын Еуропада, анау Америка бүгін бұйымтай жасайтындай жаңалық сөз емес, жолаушыға әрдайым жол ашық. Ал, Ұлытау ауданы аумағындағы ойдан осындай оқиғалар туындап келеді.
Жол бойы әрбір бекетке зер саламыз, бұрын-соңды естіген-білгені болса кәдімгідей елеңдеп тұрамыз. Мынау Желқайын, анау Теректі, осылай Қызылжар, Атасу, Жаңаарқаға да жеттік.
Ертеректе бір апамыз Жаңаарқа жаққа тұрмысқа шығып, құдалыққа кеткен ағайын алаңсыз алты ай жатып қалған. Көрдім-білдім деген хат-хабар жоқ, өлі-тірісі тағы белгісіз. Ел уайымдап, жол қарап жүрді. Поштаға күнде барады, бірақ байланысқа шыға алмайды. Сөйтсек жол жабылып, қатынас тоқтап, бір шопанның үйінде қалып қойған екен. Амал жоқ, көктемді күтіп, әуре-сарсаңмен келді ауылға. Сондағы Ерке шалдың: «Дәл осындай бала ауылда да аз емес, қайда қаңғып кеткенсің?» деп кейігені бар.
Кезінде өндірісі дамыған Қарағанды облысындағы жағдайды бүгінгі түрлі ғимарат мен зауыттар айғақтап тұр. Алайда қазіргі күйі күреңсіз, қираған, тоналған. Қайран заман-ай дерсін. Табиғи ерекшелігіне қарай Арқаның қысы қатал, жазы қысқа екені белгілі. Сондықтан ба, салған үйлері шағын, қуықтай. Бәлкім, үйді жылыту оңай болсын дегені шығар.
Біз Жарық бекетіне келгенде түн еді. Дала сүттей аппақ. Атауының өзі де айғақтап тұр, Санкт Петербор секілді жаз айында ақ түн орын алады. Осылай әрбір деталға қызықтап жүріп, Қарағандыға қалай келгенімізді аңғармай қалдық. Десекте поезда қонған екі түн он күнге татырлық болды. Қапасқа қамалған құсқа ұқсап кеттік. Шамалы шаршағанымыз бар. Астанаға аттам жер қалды, енді шыдау керек.
Теміржол үстіндегі толғаныс қалам тербеуге қанаттандырып, жолжазба жазуға отырғызды. Мұндай әсер әрбіріңізде болар, сіз де осындай ойыңызды қағазға түсіріп көрсеңіз қайтеді?.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Қызылорда-Астана-Қызылорда