Кәсіби мәселелер талқыланды
Zan jane biz
«Біздің қылмыстық оқиғаларды болған орнында, дер уақытында жариялауға құқығымыз жоқ. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша прокуратураның рұқсатынсыз тіпті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын да айта алмаймыз». Бұл туралы журналистермен басқосуда қалалық ІІБ баспасөз хатшысы Гүлжаһан Қайырбергенова мәлімдеді.
Өткен бейсенбіде «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры жанындағы «Сөз құны» журналистердің кеңесу клубының мүшелері Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында «Журналистердің ақпарат алу мүмкіндігі және БАҚ туралы заң алдындағы жауапкершілігі» тақырыбында заң мамандарымен, үйлестіруші судьялармен және органдардағы баспасөз хатшыларымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда Қызылорда қалалық сотының судьясы Камшат Сәдуақасова, мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Олжас Әбдіхалықов, Қоғам TV телеарнасының бағдарламалар директоры Болат Жұмабаев сөз сөйлеп, ақпарат алудың заң аясындағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Әсіресе еркін пікір алмасу кезінде облыстық не қалалық деңгейде қандай да бір қылмыстық оқиғалардың анық-қанығына қатысты құзырлы орган тарапынан дер уақытында мәлімет алудың қиындықтары қызу талқыланды. Бұған уәж ретінде қалалық ІІБ баспасөз хатшысы Гүлжаһан Қайырбергенова Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша мұндай оқиғаларға қатысты прокуратураның рұқсатынсыз қандай да бір мәлімет айту заң алдында жауапкершілік жүктейтінін айтты. Мұнымен қоса оқиғаның анық-қанығын білу үшін өтетін екі айдан аса уақыт, т.б. мәселелер аймақ тілшілерінің кәсіби мүмкіндігін шектейтіні назарға алынды, осы аталған бап бойынша Парламент депутаттарына сауал жолдау ұсынылды, сондай-ақ мемлекеттік органдармен байланыс орнатудың тиімді тетіктері қарастырылды. «Сөз құны» журналистер клубының жетекшісі Нұрлан Нұрмаханов БАҚ туралы заңдағы өзгерістерге, Ішкі істер органдарында, мемлекеттің органдарда, кәсіпкерлік палатасында (кәсіпкер мүддесін қорғайтын заңгерлермен), т.б. әртүрлі сала бойынша осындай жүздесулер өткізіп, дер уақытында ақпарат таратуда бір мәмілеге келудің маңыздылығына тоқталды.
А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ