Қазалы: Аудан экономикасы қарқынды дамып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында кеңінен айтып берді.
Жалпы, Қазалы ауданында атқарылып жатқан тірлік көп. Жол жөнделіп, жаңа нысандар салынуда. Емхана, мәдениет үйі, мектептер мен балабақшалар ел игілігіне берілуде. Кәсіпкерлік өркен жайып, саланы игеремін дегендердің саны артқан. Ауыз су, тұрғын үй секілді мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Биыл ауданның бюджеті 21 млрд теңгені құраған. Оның ішінде кіріс 2,1 млрд теңгеге жеткен. Бюджетке түсетін салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі артығымен орындалған. Кәсіпкерлік саласында қарқын бар. Жыл басынан бері өнеркәсіп орындарында 8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 процентке жоғары. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 4430. Оның ішінде осы жылдың алты айында 581 кәсіпкер тіркелген. Тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,6 есеге көбейген. Жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектісі – 3614. Кәсіпкерлердің белсенді көрсеткіші жыл басында 76 проценттен 82-ге өсіп, қорытынды кезеңде 86 процентке жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар аудан кәсіпкерлерінің 89 жобасы аясында 375 млн теңге несие алған. Екінші деңгейлі банктер арқылы 21 кәсіпкер 561 млн теңге несие алып, жұмысын жандандырған. Мемлекеттік грант арқылы ауданнан құны 118 млн теңге болатын 56 үміткер құжат тапсырып, нәтижесінде 19 жоба мақұлданған. Стартап жобасы бойынша 25 қатысушы 240 мың теңгеден 6 млн теңге көлемінде грант еншіледі. Сондай-ақ, жалпы құны 50 млн теңге құрайтын 18 жобаның құжаттары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының комиссиясында қаралып жатыр. «ҚазАгроКепіл» АҚ құны 112 млн теңге болатын 10 жобаның қаржысын алу жұмыстары жасалуда. Мұнан өзге 7 кәсіпкер құны 226 млн теңге құрайтын жобалары бойынша несие алуға қамдануда. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 220 адамды оқыту межеленсе, 240 адам тіркелген. Қазір 119 қатысушы оқу курсын аяқтап, 87-сі жобаларын қорғады. Ал, «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша 249 адам оқу курсын тәмамдаған. Ауданда жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу мақсатында «Өндірістік аймақта» құны 172 млн теңгені құрайтын 8 жобаның жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі күні оның 4-і іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылған. «Қазалы Керуен» Біріккен Кәсіпорны» ЖШС-на Әйтеке би кентінен 2,5 гектар жер учаскесі беріліп, қалааралық автовокзал құрылысы салынды. Енді сауда орындары ашылып, ішкі инженерлік жұмыстары пысықталуда. Ауданда құс фермасын ашуға инвестормен келісім жасалған. Орналасатын аумағы белгіленіп, жақын арада құс фермасының құрылысы басталмақ. «Батыс Еуропа-Батыс-Қытай» халықаралық транзиттік жолы бойында 5 сервистік қызмет көрсету нысаны салынуда. Биыл «Мирас» және «Арзан сити» кешендері ел игілігіне берілді. Қалған 3 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Өзге өңірлерде кәсіп етіп жүрген жерлестерді салық төлеуші ретінде тіркеу жұмыстары қолға алынған. Жыл аяғына дейін кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде құны 2 млрд теңгеге жуық жобалар қаржыландырылып, 900 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Ауданда ауылшаруашылық саласын дамытуға 6 айда тартылған инвестиция көлемі 13 млн теңгені құрайды. Есепті кезеңде 2,8 млрд теңге көлемінде өнім өндіріліп, 698 млн теңге субсидия төленген. Биыл 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Өткен жылмен салыстырғанда 435 гектарға артық. Бастысы ауданда осы жылы әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді. Айталық, алғаш рет «Рза-Агро» ЖШС малазықтық дақылдар ексе, «Сыр маржаны» ЖШС – 20 және жеке тұрғындар 280 гектар жерге картоп өсірді. Тағы бір шаруа қожалығы 5 гектар жерде жеміс- жидек бағын баптауда. Өткен жылы 552 тонна бау-бақша өнімі экспортқа шығарылса, биыл 600 тоннаға жеткізбек. Қазір аудан меншігінде 1 млн 556 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатында жер бар. Ауданда мал саны өскен. Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде шаруалар мал басын көбейтіп, асылдандыру мен ет бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазалыда балық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Қазір 19 су айдынындағы 21 учаскеде 20 балық аулау бригадасы бар. Жыл басынан бері 640 тонна балық өңделген. Тағы төрт көлден балық ауланбақ. Сонымен бірге ауданда тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі ұсыныстары көбейген. Мәселені шешу үшін 5 жаңа қоныстану аймағы игеріліп жатыр. Тұрғын үйге мұқтаж 600-ден астам адам кезек күтуде. Жыл басынан бері 13 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы салынған. Күн тәртібінен түспеген мәселенің бірі –ауыз су. Аудандағы барлық ауылға таза су тартылған. Бұл – жағымды жаңалық. Мұндағы аудан халқы көгілдір отынның игілігін көруде. Мәселен, Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 65 проценті газға қосылған.
Брифингте аудан әкімі денсаулық, білім, құрылыс, спорт, мәдениет салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, жастар саясаты, автомобиль жолдары, абаттандыру бағытындағы жұмыстарды да баяндады.
Аудан әкімінің есебін тыңдап отырып барлық салада өсім барын байқадық. Ауданда апатты мектеп жоқ. Жаңа аурухана пайдалануға беріліп, заманауи медициналық аппараттар алынған. Ана өлімі тіркелмеген. Спорт алаңдары мен кешендері салынып, денешынықтырумен айналысатын жастар қатары көбейген. Дегенде, шешімін таппаған мәселелер де бар. Бұл бағытта нақты шаралар атқарылып жатқанын білдік.
Сара АДАЙБАЕВА